Алматы облысының 33 тұрғыны мемлекеттік наградалармен марапатталды
Қонаевта Республика күні салтанатты түрде аталып өтті. Ұлттық мереке қарсаңында аймақтың дамуына маңдай терін төгіп, елеулі үлес қосқан 33 азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында ел ағалары, өнер майталмандары мен қарапайым еңбек адамдары бар. Республика күні облыс орталығы Қонаев қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шаһардағы мәдениет үйіне өңір тұрғындары, еңбек ардагерлері мен қоғам белсенділері жиналды. Жиында сөз алған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық лебізін жеткізді.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Елдігіміздің алтын діңгегі болған осы қасиетті күннің маңызын ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнін атап өту дәстүрін қайта жаңғыртты, ұлттық мереке мәртебесін берді. Осынау Ұлы көште Алматы облысында өзіндік үлесі бар. Өңіріміздің әлеуеті артып, экономиканы дамыту бағытында толайым нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.»
Салтанатты сәтте өңіріміздің өркендеуіне үлес қосқан 33 азаматқа Мемлекеттік наградалар салтанатты түрде табысталды. Жоғары марапатқа ие болғандардың арасында мәдениет қайраткерлері, өңір экономикасын алға сүйреп жүрген кәсіпкерлер мен еңбек адамдары бар.
ҰЛЖАН АЙНАҚҰЛОВА
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ
«Негізінде қай салада болмасын еңбектің бағаланғаны дұрыс. Оның үстіне мемлекет бағаласа, ол мың есе дұрыс деп ойлаймын. Енді біз қазір зейнеткерміз ғой, зейнеткер болсақ та еңбек етіп жүрміз. Осы сахнаның төрінде 50 жылға жуық еңбек етіп жатырмыз. Елімізге, жұртымызға, халқымызға үлкен алғысым шексіз.»
ТӘҢІРБЕРГЕН ҚАСЫМБЕРКЕБАЕВ
ЕҢБЕК АРДАГЕРІ
«Жастарды тәрбиелеу, білім, мәдениетке, жалпы қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетуге атсалыстық және жастарды тәрбиеледік. Осындай мемлекеттік награда ұсынып, оған Президент қол қойып, бізге бүгін облыс әкімі тапсырып отыр. Бұл бір үлкен жақсы қуаныш. Бұл менің ғана емес, облыстың, ауданның қызметкерлерінің, еңбеккерлерінің де жетістігі деп ойлаймын.»
Ресми бөлімнен соң мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Тұрғындар мен кеш қонақтары отандық эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.