Ауыл мектебі жаңартылды
Өңірде ескі мектептер жөндеуден өтіп жатыр. Еңбекшіқазақ ауданы, Жүнісбай Қайыпов атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалды. Жобаға бас-аяғы 242 миллион теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары "Қазақстан халқына" ұлттық қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін арттыру» бағдарламасы арқылы жүзеге асып отыр. Қайыпов атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу көрмегелі он екі жыл өтті. Қазір мұнда 913 бала үш ауысымда білім алып жатыр. Бөлінген қаржыға оқу кабинеттері жөнделіп, қажетті құрал-сайманның бәрі алынған. Мектеп озық технологияға да бет бұрып отыр. Робототехника кабинеттері балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға сеп болып отыр.
ӘЛИЯ АЗНАБАКИЕВА
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
«Бүгінде мектепте физика, химия, информатика, биология, химия кабинеттері, жаратылыстану, математика цикліндегі кабинеттердің барлығы толық жабдықталған. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін арт-студия, телестудия, робототехника кабинеттері жұмыс атқарады.»
Ғылымға жол - мектеп қабырғасынан басталады. «Мектепте зияткерлікті арттыруға арналған құрал-жабдық жаңарғалы балалардың да зейіні арта түсті»- дейді ұстаздар.
МАҒАУИЯ МАНАПХАНҰЛЫ
ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
«Көп естігеннен бір көрген артық дегендей нақты заттармен істегенде балалардың сабаққа деген әлдеқайда қызығушылығы артады. Зертханада жұмыс жасаған кезде де сондай бір ынтамен жасайды. Өте жеңіл болады бізге де. Біздің айтқымыз келгені, түсіндіргіміз келген заттарды жеңіл түрде, балалар жасап көріп жатқан себепті тез қабылдайды.»
Жаңа оқу жылында ауданда ескі білім беру ұйымдарының бесеуіне жөндеу жұмысы жүргізілді. Қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке ауқымды жөндеу жұмысы атқарылып жатыр. Сонымен қатар қыркүйек айында «Келешек мектеп» жобасы аясында Алмалы, Қаражота, Сатай және Ащысай ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға беріліп, оқушыларға есігін айқара ашты.