Дәрігерлер тәжірибе алмасты

Қатерлі ісікті ерте анықтаудың түрлі тәсілі бар. Жамбыл аудандық көпбейінді орталық ауруханасында Қытай Халық Республикасының дәрігерлерінің қатысуымен халықаралық конференция өтті. Жиынға ауданның білікті онкологтері мен травматологтері қатысып, пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Басты мақсат – медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту. 

АҚЖАН АНАПИЯ - ТІЛШІ

«Статистикаға сүйенсек, Алматы облысында 12 мыңнан астам науқас онкологиялық есепте тұр. Қытай Халық Республикасының дәрігерлері обырды ерте анықтау мен оның алдын алу мәселелеріне баса назар аударды. Ал Жамбыл ауданының дәрігерлері травматология және қан тамырлары хирургиясы бағыттарындағы тәжірибелерімен бөлісті».

Жалпы, өңірде сүт безінің қатерлі ісігі диагнозымен 2790 науқас есепте тұр. Сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісіктері де жиі кездеседі. Жиында «Сунь Ятсен» университеттік ауруханасының жетекші мамандары кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылады. Қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған онкологиялық скринингтің түрлі тәсілдері қарастырылды. Ал ісіктің көлемі мен таралуын анықтауда эндоскопиялық зерттеудің маңызы зор, дейді мамандар.

СУНЬ ЦЗЯНЬЮ - ГАСТРОЭНТЕРОЛОГ-ОНКОЛОГ (ҚХР)

«Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Маған өте ұнады. Жамбыл аудандық көпбейінді орталық ауруханасы дәрігерлерінің жасап жатқан оталарының сапасы жоғары деп айтар едім. Біз де мұнда тәжірибе алмасу үшін келдік. Алдағы уақытта көптеген бірлескен жобаны жүзеге асырамыз деп сенемін».

Жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары салдарынан 383 бала травматология бөлімінде ем қабылдаған. Осы кезеңде түрлі бағыт бойынша 1800 хирургиялық операция жасалды. Мамандардың айтуынша, аяқтағы көктамырлардың кеңеюі, яғни варикоз, егде жастағы адамдарда жиі кездеседі. Конференцияда осы диагнозбен келетін науқастардың жағдайы талқыланып, емдеу әдістері қарастырылды.

АСҚАР ҚАЛИЕВ - ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ

«Қазір травматология бөлімінде буындардың бүгілмей немесе жазылмай қалуы, яғни контрактура, жиі кездеседі. Сондай-ақ анкилоз дегеніміз – буынның қимылсыз қалуы. Мұндай жағдайларды хирургиялық жолмен емдеуге болады. Кейде буын ішіне арнайы сұйықтықтар енгізу әдісі де қолданылады. Конференция барысында осындай науқастарды ерте оңалту әдістерін әріптестерімізбен бірге талқылап, тәжірибе алмасып жатырмыз».

Жалпы, Жамбыл ауданының медицина саласындағы әлеуеті артып келеді. Аудан аумағында 57 медициналық нысан жұмыс істейді. Халық денсаулығын сақтау жолында 1700-ге жуық маман еңбек етеді. Мұндай халықаралық кездесулер медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз: