Алаяқтардың құрығы үзілді
Қонаевта облыстық киберполиция қызметкерлері ірі алаяқтық қылмыстың жолын кесті. Жергілікті тұрғын алаяқтардың арбауына түсіп, 5 миллион теңгесін бөгде шотқа аудармақ болған. Абырой болғанда, тәртіп сақшылары дер кезінде араласып, тұрғынға жағдайды түсіндірді, ал қылмыскерлердің телефон нөмірі дереу бұғатталды. Лиза апайдың телефонына бұған дейін де күмәнді қоңыраулар жиі түскен. Алайда бұл жолы алаяқтардың арбауына қалай түскенін аңғармай да қалды. Қылмыскер өзін электр энергиясымен қамтамасыз ететін компанияның қызметкері ретінде таныстырып, электр есепшотын тексеру сылтауымен телефонына арнайы код жіберген. Жәбірленуші кодты айтып қойғаннан кейін, алаяқтар оған психологиялық қысым көрсете бастаған.
ЛИЗА КУСУМОВА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Алдымен “Энергосбыт” компаниясынан хабарласты. Кейін eGov пен полицияданбыз деп, жан-жақтан қоңырау шалып, басымды айналдырды. SMS-кодты қалай айтып қойғанымды білмеймін. Бағыма орай, нағыз полиция қызметкерлері дер кезінде келіп, алаяқтардың әрекетін тоқтатты. Тәртіп сақшыларына шексіз алғысымды білдіремін!»
Тәртіп сақшыларының айтуынша, күмәнді телефон нөмірлері арнайы жүйе арқылы тұрақты бақылауда болады. Бұл - Алматы облыстық киберқылмысқа қарсы басқармасы мен «Қазақтелеком» компаниясының бірлескен жобасы. Ол тамыз айында іске қосылған. Телекоммуникация операторы сырттан келетін спам-қоңырауларды бақылап, қауіп анықталған жағдайда полицияға ақпарат жолдайды.
ӘЛІБЕК КЕРІМ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«10 тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін осындай 500-ден астам хабарлама түсті. Олардың барлығын тіркеуге тырыстық. Алаяқтар SIM-картаның мерзімі аяқталғанын айтып, түрлі сылтау қолданады. Адамды күнделікті тірлігімен айналысып жүрген жерінен абдыратып, аяқ астынан шешім қабылдауға итермелейді. Негізгі мақсаттары - адамды асықтырып, ойланбастан құпия кодты айтқызу.»
Мамандардың айтуынша, алаяқтардың басым бөлігі шетелден хабарласады. Алайда арнайы бағдарламалардың көмегімен қазақстандық телефон нөмірлерін пайдаланады. Әдетте өздерін мемлекеттік органның немесе банк қызметкері ретінде таныстырады. Тіпті WhatsApp пен Telegram мессенджерлеріндегі аккаунттарды бұзып, таныстарыңыздың атынан ақша сұрауы мүмкін.
ӘЛІБЕК КЕРІМ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Егер телефоныңызға басқа қаланың коды көрсетілген, мысалы, 772 немесе 771 сандарынан басталатын нөмірлерден қоңырау түссе, оның алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін екенін ескеріңіз. Сондықтан кез келген күмәнді ақпаратты тиісті мекемелерге тікелей хабарласып, тексерген жөн. Телефон арқылы хабарласқан бейтаныс адамдарға сене бермеңіздер.»
Елімізде жыл басынан бері 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ресми деректерге сүйенсек, мұндай қылмыстар азаматтарға миллиардтаған теңге шығын келтірген. Лиза апайдың жағдайы сәтті аяқталғанымен, алаяқтарға алданып, қаржысынан айырылғандар аз емес. Мамандар бейтаныс нөмірлерден келген сілтемелерді ашпауға және ешкімге SMS арқылы келген құпия кодтарды бермеуге кеңес береді.