Базарлар бақылауда

Елімізде 2025 жылы 100 сауда базарын жаңғырту жоспарланған. Алайда жекелеген нысандарда құрылыс және ұйымдастыру жұмыстарының аяқталмауына байланысты жобаларды іске асыру мерзімі 2026 жылдың соңына дейін шегерілді. Бұл тізімдегі 9 базар Алматы облысында орналасқан. Олардың жартысынан көбі талапқа сай жаңарғанымен, әлі де жөндеуі басталмаған нысандар бар. Бүгін облыс әкімінің орынбасары өңірдің бірқатар аудандарында болып, базарлардың жағдайымен танысты.

ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ

«Қара базарда бірі нәпақасын тапса, енді бірі қалтасына қарай сауда жасайды. Әйтсе де, мұнда барлығы жақсы деген сөз емес. Кей жерлер сауда-саттық үшін қолайсыз болса, енді бірі саудагерлер үшін жайсыз. Салдарынан көп жерде көрсетілетін қызмет сапасы сын көтермей жатады».

Алматы облысында статистикалық мәліметтерге сәйкес, барлығы 60 сауда базары тіркелген. Олардың тоғызы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Дәлірек айтсақ, Қарасай ауданындағы «Алтын Орда», «Бірлік», «Жер Ана» сауда базарлары, Талғар ауданындағы «Тәуіп» пен «Алтын Арна» базарлары, Қонаев қаласындағы «Алға» мен «Жетісу» базарлары, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Сұлтан» және Ұйғыр ауданындағы «Орталық» сауда базарларын заман ағымына сай жабдықтау тапсырмалары жүзеге асырылып жатыр. Осыған сәйкес, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы сауда базарларын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

ҚАНАТ ЕСБОЛАТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ

«Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің ұсынысы бойынша жылдың соңына дейін жұмыстарды бітіру керек. Сол бойынша базарды аралап, өз көзімізбен көріп, иелеріне тапсырмалар беріп жатырмыз. Аудан көлеміндегі жер мәселесі болсын, басқа да талапқа сай келтіру бойынша тапсырмалар берілді. Енді өзіміз бақылауға алып, сол жұмыстарды атқаратын боламыз».

Жаңғырту жұмыстары ең алдымен инфрақұрылымды жақсартуды көздейді. Сауда қатарларын ретке келтіруден бастап, санитарлық жағдайды қалыпқа келтіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Келушілерге қолайлы жағдайда қызмет көрсету және қауіпсіздікке баса назар аудару - заманауи базарға қойылатын басты талап.

ЖЕҢІСБЕК АХМЕТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

«Заңға сәйкес, бұрынғы базарлардағы мына контейнерлер болмауы тиіс. Яғни, халыққа жазда салқын, қыста жылы болатындай қолайлы жағдай жасалып, заманауи құрылыс талаптарына сай базар толықтай жаңаруы керек. Базардың іші асфальтталған, кіретін-шығатын есіктері бар, жылы және суық суы толық қамтамасыз етілген болуы керек».

Базарды жаңғырту - тек ғимаратты жөндеу емес, сауда жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу. Тазалық пен қауіпсіздік, қолайлылық пен сапа қатар сақталғанда ғана жаңару нәтижелі болмақ. Жыл соңына дейін базарлар қайта жаңғыртылмаса, әкімшілікке қатысты тиісті шаралар қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: