Қауіпсіз пана
Жыл басынан бері Қонаевтағы дағдарыс орталығын 78 әйел мен 214 бала паналаған. Қауіптен қашқан отбасылар үшін бұл - аман қалудың жалғыз жолы. Мұнда оларға уақытша баспана беріліп, психологиялық көмек көрсетілуде. Орталық бір мезетте 50 адамды қабылдауға қауқарлы. Аналар мен балаларға барлық жағдай жасалған. Қызметкерлер құжат рәсімдеуден бастап, медициналық әрі әлеуметтік көмек көрсетуге дейінгі жұмыстарды өз мойнына алады. Балалар мамандардың бақылауымен оқып, дамып жатқанда, аналардың қолөнермен айналысып, еңсе тіктеуіне мүмкіндік бар. Бұл - күйзелістен арылып, қалыпты өмірге оралудың алғашқы қадамы.
МАРЖАН
ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ
- Менің бұл жерге келгеніме бір айдан асты. Күйеуім үйден қуып, қол көтерді. Ішкілікке салынып, балаларға да қол көтеретін. Баратын жерім болмаған соң, осында келдім. Менің үш балам бар, үшеуі де оқушы. Оларды осы жерден автобуспен мектепке апарып, алып келіп жатыр. Орталыққа көп рақмет айтамын. Далада қалғанда бізді қабылдап, көмек көрсетті. Мұнда бес уақыт тамақ беріледі, барлық жағдай жасалған. Психологтар бізбен жұмыс істейді. Барлығына көмектесіп жатқандары үшін рақмет!
Орталықта алдымен қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ психологтер, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетеді. Олар алимент өндіру, некені бұзу және құқықтық қорғау мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Мұнда алты айға дейін паналауға болады. Осы уақыт ішінде әйелдер дербес өмір сүруге дайындалады. Орталықтан шыққаннан кейін де қолдау тоқтамайды.
РАУШАН АЛПЫСБАЕВА
ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Көбіне біз балаларға көп көңіл бөлеміз. Оларға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені екі ересек адамның арасындағы жанжалдан балалар қатты зардап шегеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары оларға ауыр тиеді. Олардың психологиялық жағдайы нашарлап, үйдегі дау-жанжалдан шаршайды, білімге деген қызығушылығы мен зейіні төмендейді. Мектепке дейінгі балаларда қорқыныш пайда болуы мүмкін. Орталыққа келгеннен кейін мамандарымыз олармен жұмыс істеп, бойларындағы қорқынышты сейілтуге көмектеседі.
Орталық ашылғалы бері 1142 адамға қолдау көрсетілді. Оның 306-сы - әйел, 836-сы - бала. Тек биылдың өзінде 292 адам көмекке жүгінген. Олардың арасында отбасымен қайта табысқандар да бар. Мамандар әрбір санның артында бүтін бір отбасының тағдыры тұрғанын айтады. Сондықтан орталықтың мақсаты - уақытша пана беріп қана қоймай, әйелдер өз аяқтарына нық тұрғанша сенімді тірек болу.