Қаламы қарымды қаламгерді еске алды
Кеген ауданында ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Біржансалды еске алу кеші өтті. Іс-шарада қаламы қарымды қаламгердің «Тауларым – менің тағдырым» атты кітабының тұсауы кесілді. Тағылымды кеште ақынның өмір жолы мен азаматтық болмысы кеңінен сөз болды. Сондай-ақ оның ұлттық руханиятқа қосқан үлесі мен журналистика саласындағы еңбегі дәріптелді.
Қанат Біржансалұлы 1987 жылдан бастап баспасөз саласында елеулі еңбек етті. Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде, Қазақ радиосына қарасты Нарынқол аудандық радиохабарларын тарату редакциясында жауапты қызметтер атқарды. Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетің бас редакторы болды. Ұзақ жыл Алматы облыстық «Jetіsý» газетінің Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарындағы меншікті тілшісі бола жүріп, басылымның мазмұнын байытты. Қарымды қаламгердің мақалаларын оқырман іздеп жүріп оқитын деп еске алды жұрт.
БЕЙБІТ САРЫБАЙ
ЖАЗУШЫ
«Қанат Біржансал ағамыз ақындық пен журналистиканың қос тізгінін азаматтықтың бір шылбырын тең ұстаған азамат. Мына елдің мұңы, елдің жағдайы, әртүрлі мәселелердің барлығын журналистика тілінде сөйлетті. Бір сөзбен айтқанда, Қанат аға сол кездерде осы өңірдің шежірешісі болды.»
Арда азамат көзі тірісінде шығармалары мен өлеңдеріне қарапайым қара жұмысшылардың тіршілігін арқау етіп, түрлі кәсіп иелерінің еңбек жолын дәріптеді. «Қарашада қара үй тұр», «Соғыстың соңғы солдаттары» атты тарихи-танымдық кітаптары мен «Мөлдір моншақ», «Тәңір тауға табынам» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарды. Еске алу кешінде көрнекті қайраткердің тағы бір кітабының тұсауы кесілді. «Тауларым – менің тағдырым!» жинағын қаламы жүрдек журналистің қызы Индира Біржансал жинақтаған.
ИНДИРА БІРЖАНСАЛ
ҚАНАТ БІРЖАНСАЛДЫҢ ҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ
«Әкемнің мұраларын жинақтап, әріптестерінің пікірін біліп, естеліктерді толықтыра отырып үш жыл аралығында «Тауларым - менің тағдырым!» кітабы дүниеге келді. Бұл кітаптың атауының өзінде ерекше мән бар. Көзі тірісінде бұл кітапқа осы атауды әкем өзі беріп кеткен. Оның барлық шығармаларын толықтыра отырып үлкен кітап етіп шығардық.»
Қаламы қарымды қаламгердің рухына арналған жиын ардагер спортшылардың волейбол турнирімен басталды. Артынша әдеби кеш өтіп, мөлдір жырларымен жұрт есінде сақталған азаматтың шығармалары оқылып, замандастары мен әріптестерінің естеліктері тыңдалады. Әсіресе, ақынның өмір жолы мен азаматтық болмысын арқау еткен қойылым көрерменге ерекше ықылас сыйлады.