Іле ауданындағы қоқысқа толған жер учаскелерінің иелеріне қатысты экологиялық және құқықтық тексеру жүргізіледі

Іле ауданы аумағында орналасқан және «ECOBUS QK» ЖШС, «Gold Terra Expedition» ЖШС мен бірқатар жеке тұлғалардың меншігіндегі жер учаскелерінде ұзақ уақыт бойы құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың заңсыз төгілу фактілері тіркеліп келеді.

Аталған мәселе бойынша жақын маңдағы елді мекен тұрғындары аумақтың санитарлық жағдайына және стихиялық қоқыс орындарының қоршаған ортаға тигізетін кері әсеріне алаңдаушылық білдіріп, жергілікті атқарушы органдарға бірнеше рет жүгінген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жер учаскелерін санитарлық талаптарға сай ұстау олардың меншік иелері мен жер пайдаланушыларының міндеті болып табылады. Соған қарамастан, Өтеген батыр ауылдық округі әкімдігі аумақты тазарту жұмыстарын бірнеше мәрте ұйымдастырған. Соңғы уақытта арнайы техникаларды тарта отырып, қоқысты шығару және жер телімдерін тазалау бойынша кемінде үш рет жұмыстар жүргізілді.

Сонымен қатар жер учаскелерінің иелеріне стихиялық қоқыс орындарын жою және аумақтарды жер, экологиялық әрі санитарлық заңнама талаптарына сәйкестендіру қажеттігі жөнінде ресми хабарламалар жолданды.

Бұдан бөлек, тиісті материалдар Алматы облысының Экология департаментіне, Жер ресурстарын басқару департаментіне, прокуратура және полиция органдарына тексеру жүргізіп, құзыреті шегінде шара қабылдау үшін жолданды.

Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосымша бақылау тетіктері пысықталуда. Оның ішінде қоқыс жиі төгілетін аумақтар мен кіреберіс жолдарға бейнебақылау құралдарын орнату мәселесі қарастырылып жатыр.

Алматы облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабековтің айтуынша, басты мақсат – тек қана салдарын жою емес, сонымен қатар өз жер учаскелерін күтіп ұстау бойынша шара қабылдамайтын меншік иелері мен қалдықтарды заңсыз төгетін тұлғалардың жауапкершілігін қамтамасыз ету.

– Бүгінде біз барлық қажетті материалдарды құзырлы органдарға жолдадық. Жер учаскелерінің ластануына жол берген азаматтар мен ұйымдарды жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жалғасады. Әрбір тұрғын мен кәсіпкер қоршаған ортаға ұқыпты қарап, тазалықты өзінен бастауы қажет. Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрақты түрде көтеріліп келе жатқан маңызды мәселе, – деді Димаш Қожабеков.

Әрбір анықталған құқық бұзушылық фактісіне құқықтық баға беріліп, тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғаларға заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады.

Сондай-ақ оқыңыз: