Қала мен дала тазалығы
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы облысы айтарлықтай белсенділік танытуда. Бүгінге дейін игі шараға 300 мыңнан астам адам үлес қосып, өңір республика бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Қонаев қаласында өткен брифингте экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған науқанның нәтижелері жарияланды. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
Жыл басынан бері Алматы облысының аумағынан 7 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 20 мыңға жуық ерікті жұмылдырылып, туристік аймақтарды ретке келтірілді. Бұл тек экологиялық қана емес, экономикалық маңызы бар қадам. Себебі тазалық туристік тартымдылықтың кепілі.
ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Өзбекстан, Ресей, Беларусьтан және де Кореядан туристер жақсы келіп жатыр. Ең көп айыппұл салынатын ол – ішкі туристтерге. Шетелдік туристер келіп қоқыс тастаған жағдайлар өте аз»
Табиғатты ластап, ереже бұзғандар үшін заң қатаң. Науқан басталғалы өңірде абаттандыру қағидаларын бұзған 51 мыңнан астам дерек анықталып, кінәлілерге 169 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі таңда облыс бойынша 9 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істеп тұр, ал учаскелік полиция инспекторлары рейдтік шараларды үдеткен. Негізгі мақсат - тек жазалау емес, тұрғындардың бойында экомәдениетті қалыптастыру.
ТӨЛЕГЕН КЕНЖЕБЕКОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Ауыл айнасы конкурсын біз бастап отырмыз. Бұл жердегі мақсатымыз – әр ауыл тұрғыны, әр ауылдың азаматы өзінің ауылын таза әрі көрікті етіп көрсетуіне мүмкіндік беру. Күз уақытында бағалы сыйлықтармен марапаттайтын боламыз»
Қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі де жүйелі шешімін таппақ. Қазір өңірде жылына 850 мың тонна қоқысты сұрыптайтын ірі зауыттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Заманауи кешен жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.