246 гектар аумақ тазартылды
Таза Қазақстан республикалық экологиялық бағдарламасы аясында облыста қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 16 мәрте жалпы халықтық сенбілік ұйымдастырылып, оған 372 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 5,2 мың гектар аумақ тазартылды. Сондай-ақ 103 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, мыңнан аса техника жұмылдырылды. Ал бүгін Қонаевта өткен кезекті облыстық сенбілікке 21 мыңнан аса адам қатысты. Іс-шара барысында 246 гектар аумақ тазартылып, 487 тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық науқанға мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар, жастар мен еріктілер сондай ақ кәсіпкерлер және өңір тұрғындары атсалысты.
ДОСАН ОЛЖАБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі іс-шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылып отыр. Осыған байланысты Экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының әрбір азаматын, оның ішінде Алматы облысының тұрғындарын табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Егер экологиялық заңнаманың бұзылу фактілері анықталса, оған бейжай қарамай, назар аудару қажет.