Халықаралық экологиялық акция

«Саябақтар шеруі» халықаралық экологиялық акциясы биыл Іле-Алатау ұлттық паркінде 30-мәрте ұйымдастырылды. Бастама ұлттық парктің 30 жылдығы мен  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған. Айтулы шарада мыңдаған табиғат жанашыры бас қосып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың жарқын үлгісін көрсетті.

Жыл басынан бері ұлттық парк аумағында шамамен 300 ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Табиғатты күтіп баптауға бағытталған жұмыстарға бас аяғы 100 мыңға жуық азамат үлес қосыпты. Осы уақытқа дейін арнайы мамандар мен белсенділер 26 тонна қоқыс шығарған.

АЙЖАН МҰРАТОВА
«ІЛЕ-АЛАТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ТАЛҒАР ФИЛИАЛЫНЫҢ ЭКОЛОГ-АҒАРТУШЫСЫ
«Бұл акция Қазақстанда ауқымды түрде өткізіледі. Бұл акцияда біз құстарға ұя ілеміз және парк аумағын тазартамыз, ағаш отырғызамыз. Парктер шеруі экологиялық акциясының негізгі мақсаты жастарға экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып саналады.»

Сонымен қатар дәстүрлі шара аясында 210 дәріс ұйымдастырылып, экологиялық сабақ және сенбілік өткізілді. Бұдан бөлек Құстарға арналған мыңға жуық үйшік жасалып, арнайы орындарға орнатылды. Әрі 33 рет тақырыптық көрме өтіп, 55 экскурсия ұйымдастырылған.

ТОҒЖАН ДҮЙСЕН
ЕРІКТІ
«Бұндай үлкен іс-шаралар бізге табиғатты қорғауға, оны аялауға және оған қорған болуға шақырады. Бұндай үлкен, игі істер бізді өз еліміздің өз еліміздің болашағын жарқын етуге шақырады. Табиғатты қорғау біздің ортақ міндетіміз.»

Ұлттық парк мамандары табиғатты қорғау жұмыстары мұнымен шектелмейтінін атап өтті. Экологиялық акциялар мен ағартушылық жобалар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осы уақытқа дейін қоршаған ортаны сақтау және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бастамалары парк қызметінің басым бағыттарының біріне айналып үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыз: