Тілеуқабыл Мыңжасар 75 жасқа қараған шағында өмірден озды
Қазақ телевизиясының тарланы, елдегі теле-журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан белгілі журналист, Алматы облысының құрметті азаматы - Тілеуқабыл Мыңжасар 75 жасқа қараған шағында өмірден озды. Саналы ғұмырын “Хабар” агенттігіне арнаған айтулы тілші ұзақ жылдар бойы Алматы облысынан маңызды ақпарат таратып, ел ықыласына бөленген.
Майталман тілші Тілеуқабыл Мыңжасар саналы ғұмырының 55 жылын телевизия саласына арнады. Десе де оның 40 жылдан астамы Алматы облысында өткен. Сондықтан да ол үшін Жетісу жерінің орны бөлек, жөні ерек еді. Ал айналасындағы әріптестері мен артынан ерген інілері оны үнемі “Хабар аға” деп жылы шыраймен қарсы алатын.
ТІЛЕУҚАБЫЛ МЫҢЖАСАР
«ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ
«Міне осылайша қаймағы бұзылмаған қазақ елі тағы бір тойды сән салтанатымен атап өтті. Қайрат Атагелдиев, Тілеуқабыл Мыңжасаров, хабар Жамбыл тойынан»
Тілеуқабыл Мыңжасарұлы хабарда нардың жүгін көтеріп жүрмін демеді. Ардың жүгін арқалады. Адал еңбек етті. Ол қызметте ізденісті бәрінен биік қойып, кез келген материялды торлықтай зерделеп барып жарыққа шығаратын. «Ал көптен бері көкейде жүргені табылған сәтте балаша қуанушы еді деп» еске алады әріптесі, бейнеопратор Қайрат Атагелдиев.
ҚАЙРАТ АТАГЕЛДИЕВ
«QONAEV MEDIA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АҒА ОПЕРАТОРЫ
«Бұл кісі талай кейіпкерді тапты ғой. Баяғы Әлімғазы Райымбеков деген Тайлақты ойнаған кісіні. Ол кісіні көксу ауданынан тауып алғанда қатты қуанды. Бұл кісі бар екен ғой, бұл кісіні бүкіл қазақстанға көрсетеміз деп. Содан кейін мына Саржазда бір арнетолог жігітті тапты. Бердіқұлов деген. Енді ол кездегі қуанышында да шек болмаған»
Экран алдындағы бел жазбай еткен еңбек, қалам ұшында төккен тер Тілеуқабыл Мыңжасарды бүкіл алаш жұртына әйгілі етті. Ол жазған “Жаһанды жаулаған жанр”, “Хабар аға және оның қалжыңдары” атты екі кітабы бұл сөзіміздің айғағы. Ал айтулы журналистің дөп түсер қағытпа қалжңдарын көзін көргендер еш қашан ұмыта алмас.
МЕЙРАМ ЖАНӘДІЛОВ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ
«Кәсіби шебер маман болды. Көптеген шәкірттер дайындады. Қазіргі хабарда, 24 арнада сол Жетісу төңерегінде істеп жүргендердің көбі осы Тілекеңнің шәкірттері. Оның азаматтығы, отырған жерде кез келген отырысты көтеріп көңілдендіре білуі бір ерекше еді. Тілекең қазақ телеурналистикасында өзіндік із қалдырып кетті»
Тілеуқабыл Мыңжасар Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Және «Алтын микрофон» мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ардагер журналистпен қоштасу рәсімі ертең Алматыда өтеді. Оның шығармашылығы мен еңбек жолы жас буынға үлгі мен өнеге.