Тиімді сауда маусымы
Тиімді баға, мол таңдау! Қонаев қаласында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Мұнда жергілікті фермерлік шаруашылықтар, агроөнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер өз тауарларын ұсынады. Ал кейбір азық-түлік түрлері Қонаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен нарықтағы бағадан төмен сатылды. Мұндай жәрмеңкелер облыстың барлық қаласы мен ауданында әр сенбі сайын ұйымдастырылады. Басты мақсат – жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Қала тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі дастарқанды дәруменге бай өнімдермен толықтырып қана қоймай, отбасылық бюджетті үнемдеуге де мүмкіндік. Өйткені, тауарлар тұтынушыға тікелей өндірушілерден ұсынылып, дүкен бағасынан едәуір арзан сатылады. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасындағы айырмашылықты тұрғындар бірден байқайды.
ТАТЬЯНА ДУТНАЯ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Ет, қант, қарақұмық, күріш сатып алдық. Барлығы жақсы. Әсіресе, қант пен еттің, көкөністердің бағасы арзан екен. Өте жақсы!
Қонаев қаласында «Дала дәмі» жәрмеңкесі 19 қыркүйекте басталды. Мұнда баға мен өнімнің мол таңдауы басты назарда. Сауда сөрелерінен жергілікті өндірушілердің ет және ет өнімдерін, сүт тағамдарын, көкөніс пен жеміс-жидекті, түрлі жарма, бал және балық өнімдерін табуға болады. Жалпы, жәрмеңкеде азық-түліктің 40-қа жуық түрі ұсынылған.
ШЫМБОЛАТ ҚҰРМАНҒАЛИ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
- Қазірге дейін осы 19 қыркүйектен бастап орта есеппен алып қарағанда мысалы, картоп өнімін алатын болсақ, 60 тоннаға жуық картоп өнімі келіп, оның 45 тоннасы осы халыққа сатылған. Басты пиязда осы 60 тоннаға жуық келіп, оның 50 тоннасы өткен. Сүт өнімдері 15 тоннадай келіп, оның 10 тоннасы өткен және де ет өнімдері өте жақсы келіп мысалға ет өнімі 20 тоннаға жуық келді және де оның 18 тоннасы осы халыққа ұсынылып сатылды.
Алматы облысының құрамында тоғыз аудан мен екі қала бар. Олардың әрқайсысында жәрмеңке апта сайын ұйымдастырылады. Өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланады. «Дала дәмі» жәрмеңкесін жыл соңына дейін өткізу жоспарланып отыр.