Қонаевта Құтқарушылар күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті
Бүгін 19 қазан - Құтқарушылар күні. Осы айтулы датаға орай Қонаев қаласында бейбіт күннің батырлары атанған төтеншеліктерге құрмет көрсетіліп, салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Адам өмірін аман алып қалуды басты өмірлік ұстанымы санайтын маман иелерін Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов арнайы құттықтады.
Күнделікті өмірде тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, қауіп-қатердің ортасында жүретін құтқарушылар бүгін ерекше көңілді. Себебі бүгін, олардың төл мерекесі. Өткен ғасырда іргесі қаланған бұл ведомство, мыңдаған адамды ажалдан арашалап, халықтың сан мыңдаған мал-мүлкін аман алып қалды. Мерекелік жиында аймақ басшысы да сөз алып, мамандардың жанқиярлық еңбегіне жоғары баға берді.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- ТЖ саласы бүгін елімізде ерекше орын алып жатыр. Қай жағынан қарасыңыздар да құрметке, өте жоғары беделге, мәртебеге ие болып жатыр біздің құтқарушылар. Елдің алғысын алып жатыр күнделікті, ел соның бәрін көріп жатыр. Сондықтан да біздің құтқарушылар осы деңгейді тек сол деңгейге жетіп алмай осы деңгейді сақтап одан ары тағы да жоғары белестерді бағындыруға мен шынайы тілектеспін.
Салтанатты шара аясында қызметтік міндетін мінсіз атқарған тәртіп сақшылары мен сала ардагерлері ТЖ министрінің төс белгісімен, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Алайда, бұл жиынның ең ерекше кейіпкері 4-сынып оқушысы Иван Зорькин болды. Өрімдей бала биыл жазда Қонаевта болған өрт кезінде қаймықпастан жәрдем беріп, үлкен ерлік көрсеткен. Жас қаһарманның бұл әрекеті ескерусіз қалмай, төтенше жағдайлар департаментінің арнайы алғыс хатына ие болды.
ИВАН ЗОРЬКИН
ОҚУШЫ
- Анам мені дүкенге жіберген болатын. Сол кезде жолай түтіннің иісін сездім. Сөйтсем, біздің көшенің бойындағы екі қабатты ескі үй өртеніп бастаған екен. Біз досым екеуміз бірден сол жерге барып, қолымызға 5 литрлік бөтелке алып су тасыдық. Кейін өрт сөндірушілер де келді. Дәл сол сәтте менде қорқыныш болмады, сол үйдегілер зардап шегіп қалмаса екен деген қорқыныш қана болды. Өз достарыма айтарым, әрқашан батыл болу керек. Болашақта мен де құтқарушы боламын деп шештім!.
Салтанатты жиында төтеншеліктерге арнайы гала-концерт ұйымдастырылып, атқарылған жұмыстар да сараланды. Мәселен, аймақта 5 жаңа өрт сөндіру бөлімі іске қосылды, арнайы техникалар паркі 98 пайызға дейін жаңартылған. Сондай-ақ, заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары, робототехникалар және өртті ерте анықтайтын жасанды интеллектке негізделген датчиктер де цифрлық жүйелер енгізілуде. Бұл шаралардың барлығы аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуге бағытталған.
РАХМАН КӘРІМЖАН
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
- Бүгінгі мереке нағыз жанкешті, күнделікті өмірі батырлыққа пара-пар азаматтардың мерекесі. Біз төтенше жағдайдың салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алумен де айналысамыз. Өз тәжірибемде небір күрделі жағдайлар кездесті, бірақ оқиғалардың басым көпшілігі азаматтардың жауапсыздығынан орын алатынын атап өткім келеді. Сондықтан барша көрерменге айтарым, сақ болып, айналамызды қадірлейік. Өйткені ең құнды нәрсе ол әрқашан адам өмірі!