Білім мен нәтиже

Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп бітіруші түлектердің болашағына жол ашатын маңызды кезең. Райымбек ауданында білім сапасын арттырып, талапкерлердің жоғары оқу орындарына грантпен түсу мүмкіндігі артып келеді. Өткен оқу жылында Райымбек ауданында 11-сыныпты 339 оқушы аяқтады. Оның 55-і «Алтын белгі» иегері атанса, 38-і үздік аттестат алды. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа балл 74,6-ны құрады. Ал 146 түлек мемлекеттік білім грантын иеленіп, тағы 4 оқушы халықаралық грант жеңіп алды. Осылайша, түлектердің 44 пайызы грант иегері атанды.

ЕРМЕК БАҚЫТЖАНҰЛЫ
РАЙЫМБЕК АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ 
- 2026-2027 оқу жылында Райымбек ауданында 378 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Оның ішінде 56 оқушы алтын белгі. 27 оқушы-үздік аттестат үміткері. Қазіргі таңда аудан мектептерінде ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта білім сапасын арттыру, жоғары нәтиже көрсететін оқушылар санын көбейту және мемлекеттік білім гранты иегерлерінің үлесін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
Біз үшін әрбір баланың жетістігі маңызды. Себебі бүгінгі білімді ұрпақ – ертеңгі еліміздің болашағы.

Жоғары нәтижеге жетуде жүйелі дайындық пен ұстаз тәжірибесінің маңызы зор. Мектепті басқарумен қатар, жиырма жылдан астам уақыт бойы шәкірттерін ҰБТ-ға өзі дайындап келе жатқан Миятжан Сақанұлының да өзіндік әдісі бар. Тәжірибелі ұстаз оқушылардың білім деңгейін ескеріп, әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге мән береді.

МИЯТЖАН САҚАНҰЛЫ 
О.ЖАНДОСОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
- Биылғы жылы да Құдай амандық берсе, былтыр 84,6 балл жинасақ, биыл оданда жоғары балл жинауға үміттеміз. Биылғы жылдың өзінде міне, тұрақты дүйсенбіден бастап жұмаға дейін түстен кейін біз тұрақты түрде балаларды ҰБТ-ға дайындап отырамыз. Міне, 7-ші рет тест алынды. Ең бірінші алынған тестта біздің ортақ балымыз 66, қазіргі міне осы жұма күнгі тестілеуде 76  ортақ балл көрсетіп отыр, 10 балл қосып отыр жалпы екі айдың көлемінде. Бұл нені білдіреді, бұл сол балаларды дайындағанның нәтижесінде, балаларды дайындау арқылы балалардың да болашаққа деген көзі ашылады. Мұғалімдер балаларды дайындағаннан еш уақытта ұтылмайды, балаларды тестке дайындаса, өз пәні арқылы кәсібилікке бағытталады, осы мақсатта.

Білімді ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан аудан мектептерінде түлектердің білім сапасын арттыру, жоғары нәтижеге қол жеткізу және грант иегерлерінің санын көбейту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: