«Таза мекен» жобасы «Тұмар – 2026» ұлттық телевизиялық сыйлығына ұсынылды
Qonaev Media телеарнасының «Таза мекен» телевизиялық жобасы «Тұмар – 2026» ұлттық телевизиялық сыйлығының «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша үміткерлер қатарына енді. Жоба республикалық және өңірлік телеарналардың тағы үш жобасымен бірге марапатқа ұсынылды. «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» тақырыптарына арналған «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясында Jibek Joly телеарнасының «Правда в деталях», Almaty TV телеарнасының «Архитектор» және Atameken Business телеарнасының «AntiFake» жобалары да бақ сынайды.
«Таза мекен» - қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәселелерін көтеретін Qonaev Media жобасы. Бағдарлама аясында экологиялық бастамалар, елді мекендерді абаттандыру шаралары және тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға қосқан үлесі туралы материалдар әзірленеді. «Таза мекен» жобасының ұлттық сыйлықтың үміткерлері қатарына енуі - Qonaev Media шығармашылық ұжымы үшін маңызды оқиға. Бұл - экологиялық мәселелерге қоғам назарын аударып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік журналистиканың маңызын көрсетеді.
2026 жылы «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында өткізіліп отыр. Биыл байқаудың 12 номинациясы бойынша 600-ден астам журналист өтінім берген. Жеңімпаздарды журналистика саласының өкілдері мен медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы анықтайды. Байқау жеңімпаздарының есімдері 2026 жылғы 16 қазанда жарияланады. Марапаттау рәсімі Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.