Алматы облысында ерекше балаларға арналған инфрақұрылым кеңейтілуде
Алматы облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кешенді көмек көрсету инфрақұрылымы жүйелі түрде дамуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.
Оңалту және психологиялық-педагогикалық орталықтар желісін кеңейту – партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі.
Жиында Балқаш ауданында жаңа оңалту орталығын ашу мәселесі талқыланды. Жоба нақты әлеуметтік міндет ретінде жол картасына енгізілген. Алайда, басқарма басшысының орынбасары Ержан Байқоныстың айтуынша, аудан бойынша 102 бала тіркелгенімен, тек төртеуі тұрақты оңалтуды қажет етеді. Сонымен қатар, елді мекендер арасы алшақ, көлік қатынасы қиындау, бұл орталыққа баруды тежейді.
Қазір өңірде 2 мемлекеттік орталық пен 14 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олар 800-ге жуық балаға қызмет көрсетеді. Бірақ сұраныс әлі де жоғары.
Бұдан бөлек, облыста 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППК) жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында 3 188 бала жолданған, бірақ олардың тек 1 159-ы нақты көмек алған. 2 000-нан астамы кезекте тұр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева:
— 13 кабинеттің бесеуі ғана бөлек ғимаратта орналасқан. Қалғандары мектептер мен ұйымдар базасында жалға алынған. Ойын, спорт залы жоқ, маман саны — небәрі 38, — деп атап өтті.
Конаев пен Еңбекшіқазақ ауданында мамандар штаты кеңейтіледі. 2027 жылы Алатау қаласында жаңа түзету орталығы ашылмақ. 2026 және 2030 жылдары 0–3 жас аралығындағы балаларға арналған ерте қолдау қызметтері іске қосылады.
Бұл бастамалар — AMANAT партиясының бекітілген жол картасы аясындағы ұзақ мерзімді әлеуметтік бағдарлама. Оңалту қызметтері – халықтың нақты қажеттілігіне негізделген жүйелі даму бағыты.