Алматы облысында оқушыларға арналған жазғы демалыс пен сауықтыру науқаны басталады

Алматы облысында оқушыларға арналған жазғы демалыс пен сауықтыру науқаны басталады

Жазғы каникул — әр оқушы үшін асыға күтетін кезең. 2025 жылы Алматы облысында балалардың демалысын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында кең ауқымды жазғы сауықтыру науқаны өтеді.

Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептер базасында 408 жазғы алаң, ал қосымша білім беру ұйымдарында тағы 30 алаң ашылады. Биыл 295 мыңнан астам оқушы қамтылады деп күтілуде — бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 мыңға артық.

📌 Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. 128 566 оқушының ішінен 111 850 бала немесе 87%-ы жазғы демалыспен қамтылмақ. Олардың қатарында — жетімдер, қамқоршылықтағы балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары бар.

📊 Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 282 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, ата-аналар баланы лагерьге өз қаражатымен де жібере алады. Былтыр мемлекеттік қолдаумен 1275 бала, ал «Қазақстан халқына» қоры есебінен тағы 2421 бала демалды.

🗓 Барлық маусымдық лагерь 1 маусымнан бастап 31 тамызға дейін жұмыс істейді. Әр лагерьде спорттық жарыстар, зияткерлік ойындар, экскурсиялар, шеберлік сабақтары, концерттер мен театрландырылған қойылымдар өтеді. Балалар жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай түрлі шараларға қатысады.

🛡 Лагерьлерде медициналық қызмет тәулік бойы көрсетіледі. Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі: бейнебақылау, тәулік бойы күзет, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптар қатаң сақталады. Балалар тек арнайы орындарда ғана, құтқарушылар мен дәрігерлердің бақылауымен шомыла алады.

🎨 Сонымен қатар, балаларға арналған шығармашылық және танымдық үйірмелер ұйымдастырылады: қолданбалы өнер, театр мен музыка, экология және денсаулық тақырыптары қамтылады. Сабақтар ойын түрінде өтеді, балаларға өздерін еркін көрсетуге мүмкіндік беріледі.

Жазғы сауықтыру науқаны мыңдаған баланың демалысын жарқын әрі мазмұнды етуге жол ашады. Бұл — жас ұрпақтың денсаулығы мен қабілетін дамытуға бағытталған маңызды қадам.