Алматыда Қазақстан–Үндістан туристік бизнес-форумы өтеді
Алматы қаласында Қазақстан–Үндістан туристік бизнес-форумы өтеді. Алматы облысының туризм басқармасы мен Visit Alatau бірлесіп ұйымдастырған бұл маңызды іс-шара екі ел арасындағы туристік байланысты тереңдетуді, тәжірибе алмасуды және бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.
Облыс әкімдігі мен Қазақстандағы Үндістан Елшілігінің қолдауымен өтетін форумның басты мақсаты — екі мемлекеттің туристік әлеуетін таныстыру, саланы дамытудың бағыттарын талқылау және бірлескен бастамаларды іске қосу.
Форумның құрметті қонақтары — Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан Республикасындағы Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Т. В. Нагендра Прасад.
Шара аясында B2B және B2G кездесулері, туристік бағыттағы соңғы трендтер туралы презентациялар, маңызды салалық әріптестер арасындағы нетворкинг және бірлескен туристік жобаларды талқылауға арналған панельдік сессиялар өтеді. Сондай-ақ екі мемлекеттің туристік бағыттары кең ауқымды көрмеде таныстырылады.
Жиынға екі елден 100-ге жуық делегат қатыспақ: Үндістаннан — туроператорлар, туристік агенттіктер, гидтер, медициналық, теміржол және гастрономиялық туризм мамандары, Қазақстаннан — ірі қонақ үй кешендерінің, авиакомпаниялар мен туристік ұйымдардың өкілдері.
«Алматы облысы үшін бұл форум — Үндістанмен әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам. Біз бірлескен туристік жобаларды іске қосып, Қазақстанды халықаралық туризмнің сұранысқа ие бағыты ретінде дамытуға мүдделіміз», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.