«Жер сағаты» акциясы
Өткен сенбіде әлем бойынша бір сағатқа жарықтар сөндірілді. Экологиялық акция жыл сайын «Жер сағаты» атауымен өткізіліп келеді. Игі бастаманы Алматы облысы да қолдады. Өңірдің бірқатар ауылы мен қаласында табиғат жанашырлары өз еріктерімен жарықты сөндіріп, электр энергиясын бірлесе үнемдеді.
Әлем бойынша наурыздың соңғы сенбісінде жергілікті уақытпен сағат 20:30-да бір сағатқа жарық өшеді. Қазір планета бойынша таралып кеткен бұл шара әуел баста Сиднейде басталған. Осы сәтте аспанмен таласқан зәулім ғимараттардан бастап қарапайым үйлерге дейін жарық сөндіріледі.
Жаһандық шараға қатысу не қатыспау жұрттың өз еркінде. Әйтседе көпшілік игі бастаманы қолдап уақыттарын тиімді өткізуге тырысты. Жалпы «Жер сағаты» халықаралық бастамасын біздің ел осымен 17-ші жыл қатарынан қолдап отыр. Алматыда аталмыш акция аясында "TURAQTY JOL" ұлттық әлеуметтік эко науқаны басталды.
ТАТЬЯНА ГЕКОВА
ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
«Экология мәселелері — ЮНЕСКО клубтарының басты бағыттарының бірі. Ұйым жастарды болашақта өмір сүретін әлем туралы қазірден бастап ойландыруды көздейді. Бүгін біз сол болашаққа әсер ететін дағдыларды қалыптастыруымыз керек. Осы арқылы қазіргі қалыптасқан экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік аламыз»
Театр жарығы толықтай сөндірілді, әдеттегіден өзгеше жанды симфониялық акустикалық концерт өтті. Жобаның басты мақсаты да осы еді. Өнер мен экологияны біріктіріп, қоғамды табиғатты қорғауға шақыру. Кештің ерекшелігі еуропалық әуен мен ұлттық музыканың ұштасуы.
ҒАЛЫМЖАН НАРЫМБЕТОВ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЮНЕСКО КЛУБТАРЫНЫҢ ЕЛШІСІ
«Бұл негізі ЮНЕСКО клубтары және TURAQTY JOL 7 болып басталды. Сондықтан осындай проекттерді біз қуана қолдаймыз. Бұл біздің экологиямыз жастардың болашағы. Тазалық үшін , біздің болашағымызды сақтау үшін.»
Қазақстанмен қатар, әлемнің өзге де елдері жаһандық акцияға атсалысты. Науқанға 180 мемлекеттен 7 000 қаланың тұрғындары қатысты. Басты мақсат планета табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.