Алматы облысында 309 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады
Алматы облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жүйелі әрі ауқымды түрде жүргізілуде. Биыл өңірдегі оқушылардың 92 пайызы — яғни 309 мыңнан астам бала — сауықтыру, еңбек және танымдық бағдарламалармен қамтылатын болады.
Облыста 31 жазғы лагерь жұмыс істейді, олардың ішінде 1 мемлекеттік және 1 республикалық лагерь бар. Әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін мемлекеттік қолдау қарастырылған — бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 282,3 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорынан 166,8 миллион теңге бағытталып, 1 559 балаға тегін жолдама берілді.
«Біздің басты мақсатымыз – балаларға қолжетімді әрі пайдалы жазғы демалыс ұйымдастыру. 2025 жыл – жазғы сауықтыру мен еңбек бағдарламаларымен қамтылған балалар саны бойынша рекордтық жыл болады деп сенеміз», — делінген Алматы облыстық білім басқармасының хабарламасында.