Алматы облысында діни бірлестіктер арасындағы дәстүрлі футбол турнирі өтті

2026 жылдың 2 мамырында Алматы облысында Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған шағын футбол турнирі өтті. Былтыр бастау алып, биыл да жалғасын тапқан дәстүрлі спорттық жарысқа өңірдегі діни бірлестіктердің өкілдері мен жамағаты қатысты.

Жасыл алаңда ислам, православие, методистік, лютерандық және баптистік қауымдастықтардың өкілдері бар барлығы 7 команда бақ сынады.

Іс-шараның басты мақсаты – дінаралық татулықты кабинеттік форматтағы имидждік жиындармен шектемей, нақты іс жүзінде, яғни бейресми ортадағы қарым-қатынас пен спорт арқылы нығайту. Турнир Алматы облысының Дін істері басқармасының қолдауымен және «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қорының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жарыс ФИФА-ның ресми ережелеріне сәйкес өтті. Ойын барысында командалар жақсы тактикалық дайындық көрсетіп, спорттық тәртіп пен қарсыластарға деген өзара сыйластықты сақтады. Матчтардың қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, оларға дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, алаңда белсенділік танытқан ұжымдар арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Турнир соңында қатысушыларға арналған фуршет ұйымдастырылып, түрлі конфессия өкілдері бір дастарханда еркін форматта пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қоғамдағы конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты тікелей байланыс арқылы қалыптастыратын бұл спорттық шара алдағы жылдары да өз жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыз: