Халықаралық музей күні
Халықаралық музей күнін Шамалған ауылының тұрғындары айрықша сән-салтанатпен атап өтті. «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ұйымдастырған тағылымды шарада өнер мен мәдениет саласы өкілдеріне құрмет көрсетіліп, арнайы марапат табысталды. Сондай-ақ сұхбат алаңы ашылып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасалды. Өнегелі шараның қалай өткенін тілшіміз тарқатсын.
Айтулы мереке аясында аудан әкімдігі музей ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, тарихи маңызы зор «Аңырақай» картинасын сыйға тартты. Музей жәдігер сақтайтын орын ғана емес, рухани-ағартушылық орталыққа айналған. Мұнда жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтуге арналған түрлі жоба жүзеге асуда.
АЯУЖАН СӘДУАҚАСОВА
АТАМЕКЕН ТАРИХИ- МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Атамекен орталығында кітап қоры жеке қор болып ашылып, оны өзіміз Атамекен кітапханасында болашақ ұрпаққа әйнектің ар жағында жасырылып тұрмай, сирек кездесетін кітаптар бар. Қазіргі ата-апаларымыздың көзінің майын тауысып жазған шығармаларын оқып келіп алады. Есік ашық.»
Музей қоры құнды экспонатқа толы. Жастардың тарихқа қызығушылығын арттыру үшін заманауи технология мен жасанды интеллект мүмкіндігі кеңінен қолданылып келеді. «Ретро сағыныш» атты өткеннің қойнауына жетелейтін көрмені қонақтар ерекше бағалады.
НҰРСҰЛТАН ЖОЛДАСБЕКОВ
ШАМАЛҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
«Жалпы ел, ұлт өзінің тілін білмесе, дінін білмесе, мәдениетін, осы тарихын білмесе ол ертеңгі күні болашағы жоқ ұлт саналады. Сондықтан бұндай музейлердің санын көбейту керек. Болашақта енді өзіміз де ойлаймын, енді искусттвенный интеллект дейді ғой, соны да осы музейлерге енгізеді деп ойлаймын өзім.»
«Атамекен» орталығы былтыр өңірдегі «Үздік музей» байқауын жеңіп алды. Биыл да тың бастамасымен көптің назарын аударып отыр.