Халықаралық бокс турнирі
Қарасай ауданында бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтті. Алматы облысының Құрметті азаматы, спорт ардагері Сейітқали қажы Ыбытаевтың құрметіне арналған турнирге қазақстандық спортшылардан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктерінен іріктеліп келген үздіктер қатысты. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Ауқымды жарыс Сейітқали қажы Ыбытаевтың спорт саласына сіңірген еңбегіне құрмет көрсету мақсатында дәстүрлі түрде өткізіледі. Осымен сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бәсекеге 4 мемлекеттің 130 боксшысы қатысты.
НҰРӘЛИ СЕРІКБАЙ
ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
«Жарыс өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Жан-жақтан мемлекеттер келіп жатыр. Өзбекстан, Оман, Әзербайжан мемлекетінен. Енді Алла бұйыртса оларды ұтуға тырысамыз. Осыдан бір жыл бұрын осы атаның жарысында 43 келі салмақта чемпион болғам. Қазір салмақ көтеріп, чемпион болуға тырысамын»
Қатысушылар қатарында әлемдік бәсекелерде топ жарып жүрген жастар жетерлік. Аудандық деңгейде басталған жарыста спортшылар шеберлігін шыңдап, бапкерлер өзара тәжірибе алмасады.
ЕЛАМАН ЖҰМАШЕВ
ЖАРЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
«Бұл жарыс өте бір үлкен деңгейде өтіп жатыр. Бұл жарысқа қатысып, атамыздың батасын алған Надырбек Диана қызымыз қазіргі таңда 3 дүркін Азия чемпионы болды. Ақбисенов Данияр деген оқушымыз 3 дүркін Қазақстан чемпионы, биыл әлем кубогының чемпионы атанды. Бізде қазір мотивация Алматы облысында олимпиада, әлем чемпионы шықса деген үлкен мақсатымыз бар. Сол жолда үлкен еңбек, жұмыстар атқарылып жатыр. Мынау кіші жасөспірімдерді сол ересектерге ақырындап дайындау»
Ел сыйлаған құрметті азамат 70 тен асса да спорттан әлі күнге дейін қол үзбей, саламатты өмір салтын серік етіп келеді.
СЕЙІТҚАЛИ ҚАЖЫ ЫБЫТАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
«Каратэмен айналысқанмын қара белбеу шеберімін. Салмақ салып алып арқама тауда жүремін. Ат үстінде жүремін. Көкпар тартамын осындай қазақи спорттармен айналысамын.»
5 күнге созылатын ауқымды бәсекеде жеңімпаз атанған облыс спортшылары спорт шеберіне үміткер атағына ие болады.Жарыс қортындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 орын иеленді. Екінші орынға Өзбекстандық спортшылар жайғасса, Әзербайжаннан келген былғары қолғап шеберлері үздік үштікті түйіндеді.