«Байсерке аспаны – 2025» мыңнан астам көрерменді жинады

Фото: Дина Дауытбекова

Алматы облысындағы Байсерке аэродромында өткен ең ірі шаралардың бірі – «Байсерке аспаны – 2025» авиашоуы мыңнан астам көрерменді тартты.

Ұшқыштар мен әуе техникасы

Бағдарламаға 19 ұшқыш қатысып, Як-18Т, Як-52, Як-55, Ан-2, Socata, Tecnam, Pipistrel, Partenavia, Pilatus PC-12, SILA 450C ұшақтарында және Ми-2 мен Ми-8 тікұшақтарында өнер көрсетті.

Әлемге танымал әуе шеберлері – Владимир және Андрей Анцуповтар, Юрий Ельцов, Вячеслав Цаплин, Дмитрий Киянов, Игорь Тюрин, Ербол Оспанов, Александр Чеботкин және тағы басқа пилоттар өз өнерлерін паш етті.

Парашютшілер тобы

Сахнаға 14 спортшы шықты. Олар – ҚР чемпиондары, рекордшылары және спорт шеберлері. Атап айтқанда, «ОТАН» аэроклубы, ҚР Қарулы күштерінің парашют дайындығы орталығы мен Авиациялық спорт федерациясының өкілдері әуе өнерін көрсетті.

Ұйымдастыру және ерекшеліктер

Іс-шараның басты мақсаты – балалар мен жастарды техникалық мамандықтарға қызықтыру.

«Биыл ұйымдастыру жұмыстарына ерекше мән бердік. 14 жасқа дейінгі балаларға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін болды», – деді авиашоуды ұйымдастырушы Аэлита Федорова.

Шарада десанттық өнер, өрт сөндіру көрсетілімі, әуе трюктері мен түтіндік эффектілер ерекше әсер қалдырды. Юрий Ельцов спорттық Як-55 ұшағында жоғары пилотаж элементтерін көрсетті. Андрей Пьянков алты орындық Partenavia P-68 ұшағында шеберлігін паш етті.

Ұшқыштың арманы

Андрей Пьянков өзінің авиацияға деген махаббатын былай жеткізді:

«Мен 1976 жылдан бастап аспанға ғашықпын. Алғашқы секірістерімді парашютпен жасадым, мыңнан аса рет әуеге көтерілдім. Бірақ бала күнгі арманым – өзім ұшақ басқару еді. 2015 жылдан бастап ұшқыштық курстан өтіп, тұрақты түрде әуеге көтерілемін. Авиацияны дамыту – басты мақсатым».

Көрермендер мен жоспарлар

Көрермендер әуедегі өнерді тамашалап қана қоймай, әлеуметтік желілерде әсерлерімен бөлісті. Бұл жолы тек қазақстандық ұшқыштар өнер көрсетсе, келесі жылы ұйымдастырушылар ТМД елдерінің пилоттарын шақыруды жоспарлап отыр.