Тарихи жеңіс: Едіге Қасымбек жастар арасындағы әлем чемпионы атанды
Алматы әуежайында ерекше құрметпен жерлесіміз, еркін күрестен әлем чемпионы Едіге Қасымбек қарсы алынды. Ол Болгарияның Самоков қаласында өткен жастар арасындағы (U20) әлем чемпионатында 125 келіге дейінгі аса ауыр салмақта топ жарды.
Едіге Қасымбек барлық қарсыласын сенімді түрде жеңіп шықты. Жартылай финалда америкалық спортшыны 11:0 есебімен ұтса, финалда ирандық балуан Аболфазл Мохаммад Нежадты 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Жас спортшы небәрі 18 жасында үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін ол U17 санатында екі мәрте әлемнің күміс жүлдегері атанған, ал биыл U20 санатында Азия чемпионы болған еді.
— Өте қуаныштымын. Әлем чемпионатына жауапкершілікпен дайындалдым. Алдағы мақсатым – Олимпиада чемпионы атану. Бұл — өмірімдегі басты арманым. Маған қолдау көрсеткен барлық жанға алғыс айтамын, — деді Едіге Қасымбек.
Қазақстан құрамасы бұл жарыста тарихи нәтижеге қол жеткізді: бір алтын, бір күміс және үш қола медаль иеленді. Осылайша, медаль саны бойынша төртінші орынға табан тіресе, жалпы ұпай саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты.