Кітап – білім бұлағы
Қонаев қаласында кітап оқуға қызығушылық артып келеді. Бүгінде қалалық кітапхананың тұрақты оқырмандарының саны 17 мыңнан асады. Оның 35 пайызы жастар. Екі жыл бұрын Президент тапсырмасымен кітапхана толық жаңғыртылып, заманауи талапқа сай жабдықталған. Қазір мұнда 90 мыңнан астам кітап қоры бар. Сонымен қатар оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып, жаңа технологиялар енгізілген.
Кітапхананың тұрақты келушілерінің бірі – оқушы Сабина Бауыржанқызы. Ол бос уақытын кітап оқуға арнап, тарихи шығармаларға ерекше қызығушылық танытады. «Кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілеті мен мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады» дейді жас оқырман.
САБИНА БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
ОҚУШЫ
«Жалпы менің ойымша қазіргі таңда жастар өз уақытын тиімді пайдалануы керек. Тиімді пайдалану ол тек қана телефонмен шектелген білім емес, осындай киелі жерлерге келіп, түрлі жақсылықтар жасап, өзі дамыған адам әрқашан бір саты үстіде тұрады деп ойлаймын мен. Маған ең ұнаған кітап ол «Оян, Қазақ!». «Оян, Қазақ!» кітабын Міржақып Дулатов жазған. Ол жерде мен өте қатты сезіндім ол кітапты. Ішіне кіріп, жалпы, фильмін де көрген болатынмын.
Ал бастауыш сынып оқушылары көбіне ертегілерге қызығады. Дегенмен олардың арасында қазақ әдебиетінің көлемді шығармаларын оқып жүргендері де бар.
НҰРХАН РҮСТЕМ
ОҚУШЫ
«Әртүрлі ертегілер оқимын. Оларды оқығанда телевизордан көріп отырған сияқты болады. Ол жақта қызықты, күшті-күшті кейіпкерлер бар, иә. Желаяқ дегендер әсіресе көп келеді ертегілерде»
ІҢКӘР МҰРАТ
ОҚУШЫ
«Мен кітапханаға өте жиі келіп тұрамын. Кітаптар оқып тұрамын. «Абай жолын» оқығанмын. Ол адамның өзінің мінезін дұрыстауға және де жақсы жолға апаратын кітап»
Кітапхана жаңғыртудан өткеннен кейін келушілер саны айтарлықтай өскен. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 257 миллион теңге бөлінген. Бүгінде кітапхана цифрлық мүмкіндіктерді ұсынатын заманауи мәдени орталыққа айналып отыр. Қазір мұнда 2,5 мыңға жуық электронды әдебиет қолжетімді.
АЙГҮЛ АҚТАНОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«...Тик-ток желісінде өзіміздің платформамызды ашып, сондай керемет жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек әртүрлі ерекше форматтағы іс-шаралар, кітап фестивалі, оупен эйр аясындағы кітап оқулары және ақшалай қорлары бар, жүлделері бар байқаулар және кездесулер, «Жас оқырман» клубтарының жұмыс жасауы, солардың барлығы жастарды кітапханаға қазір көптеп тартып жатыр»
Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде жастарды кітап оқуға баулу оңай емес. Осыған байланысты кітапханада тегін Wi-Fi желісі іске қосылып, заманауи компьютерлер, планшеттер мен ноутбуктер орнатылған. Кітапхана күн сайын таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.