Конституция күніне орай Қонаевта полиция қызметкерлері арасында шағын футбол турнирі өтті

Конституция күніне орай Қонаевта полиция қызметкерлері арасында шағын футбол турнирі өтті
Фото: Алматы облысының спорт басқармасы

Алматы облысы полиция департаментінің бөлімшелері арасында Конституция күніне арналған облыстық шағын футбол турнирі Қонаев қаласында өтті. Жарысқа тоғыз ауданнан және Қонаев пен Алатау қалаларынан келген 13 команда қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұлан Садықов құттықтау сөз сөйлеп, спорттың полиция қызметкерлері үшін маңызын атап өтті.

– Біздің мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жеке құрамның физикалық дайындығын жетілдіру. Спорт ұжымдық ұйымшылдықты арттырып, қызметтік міндеттерді тиімді орындауға ықпал етеді. Мұндай турнирлер тек үздіктерді анықтап қоймай, полиция қатарындағы командалық рухты да нығайтады, – деді ол.

Алдын ала ойындар айналмалы жүйемен өтсе, финалдық матчтар «олимпиадалық жүйе» бойынша ұйымдастырылды. Әр кездесуде эмоцияға толы сәттер мен жеңіске деген жігер байқалды. Қатысушылардың айтуынша, ойын кезіндегі стратегия мен өзара қолдау жұмыстағы полиция қызметіне тән ерекшеліктерді еске салды.

Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Алматы облысы ПД аппаратының командасы иеленді. Күміс жүлде Шелек ауылдық округінің командасына бұйырды. Ал чемпион атанған – Талғар ауданының полициясы.

Сонымен қатар үздік ойыншылар мына номинациялар бойынша марапатталды: «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы». Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.