Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды
Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды. Тоғыз жолдың торабындағы елді-мекенде бұған дейін жол жөнделіп, көпір тұрғызылды. Өнер ордасының ашылуымен ауылда мәдени өмір де жандана түсері анық.
Жібек жолы ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ғимаратта көрермен залы және шығармашылық сабақтарға арналған кабинеттер қарастырылған. Мұнда халық концерттер, театрландырылған қойылымдар және басқа да мәдени іс-шараларды тамашалауға ғана келмейді. Бұдан бөлек жас өнерпаздарға арналған домбыра, жыр-терме, би және қолданбалы өнер үйірмелері, ақындарға арналған «Шежіре» тәлімгерлік орталығы да жұмыс істейді. Сонымен қатар аға буын ансамблінің де дайындық жұмыстары дәл осында өткізілмек.
АБАЙ ЖҰМАНИЯЗОВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Осы мәдениет үйінің ашылуы ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш әкеліп жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының рухани байлығын, ата-бабаларымыздан келе жатқан салт дәстүрлеріміздің, құндылықтардың әрмен қарай дамуына, жалғасуына үлкен мүмкіндік туғызады деп ойлаймын »
5 гектар аумақта орналасқан мәдениет үйінің құрылысына бюджеттен 658 млн теңге жұмсалды. Бұл аудандағы биыл ашылған екінші нысан. Бұған дейін Мерей ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп ел игілігіне берілді. «Жыл соңына дейін Әйтей ауылының халқы жаңа мәдени нысанның игілігін көреді»,- дейді аудан әкімі.
ЖАСҰЛАН ЕСТЕНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Жібек жолы біздің аудандағы ең ірі ауылдық округтардың бірі. Бірақ өкінішке орай бұл ауылда мәдениет үйі болмаған. Осы бір жарым жылдың ішінде құрылыс барлығы аяқталып, бүгін пайдалануға беріліп ресми ашылып жатыр. Одан бөлек Бірінші май ауылының да мәдениет үйі кезінде жекешеленіп сатылып кеткен болатын. Соны қайтарып, қазір жобасын дайындап, күзде қаражатын бөліп, әкім өзі келіп көрген. Келесі жылы оны да қайта жөндеп пайдалануға беретін боламыз.»
Алматы облысында мәдени инфрақұрылым тұрақты дамып келеді. Соңғы төрт жылда бұл мақсатта бюджеттен 53 млрд.теңгеге жуық қаражат «бөлініп, 10 жаңа мәдениет үй салынып, 19 ғимарат жөндеуден өтті.