Алматы облысында «Ақ бидай-2025» республикалық ойындары өтуде

Алматы облысында «Ақ бидай-2025» республикалық ойындары өтуде
Фото: Алматы облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі

Қарасай ауданындағы «Gulnar – Bag» ипподромында VIII Республикалық ауыл спорт ойындары – «Ақ бидай-2025» аясында жамбы ату сайысы ұйымдастырылды.

Кең аренада еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздар мен мергендер бақ сынады. Әрбір қатысушы ат үстінде тұрып садақ атып, мергендігін, батылдығын көрсетті. Көрермендер әр оқты қызыға бақылап, қазақ халқының көне дәстүрін бүгінгі күнде тамашалауға мүмкіндік алды. Жамбы ату ежелден батырлардың күш-қайратын, жауынгерлікке дайындығын сынайтын өнер саналған.

Бұл жолы жеңімпазды бір-ақ дәл тиген оқ анықтап отырды. «Жамбы» стилінде бас жүлдені Алматы облысының өкілі Серік Әлібаев жеңіп алды.

– Жамбы ату – мен үшін жай спорт емес, ол ата-бабамен байланыс, рух пен тәрбие мектебі. Әрбір оқ – ерік-жігеріңнің сынағы. Бүгінгі жеңіс – ұзақ жаттығулар мен командамның қолдауының жемісі, – деді ол.

Екінші орынды Жетісу облысынан келген Сағымбек Олжас иеленсе, үшінші орынға Түркістан облысының спортшысы Айдынғали Мәшіров табан тіреді.

Басқа стильдер бойынша жүлдегерлер:

  • «Түркі» стилі: 1 орын – Нұрдәулет Тұрсынбай (Жамбыл обл.), 2 орын – Айдос Мұқанов (БҚО), 3 орын – Дінмұхамбет Адырбек (Қызылорда обл.).
  • «Азия» стилі: 1 орын – F Еміртай (Қызылорда обл.), 2 орын – Нұрсұлтан Жүсіпәлин (Ақмола обл.), 3 орын – Серік Үсен (Түркістан обл.).
  • «Мажар» стилі: 1 орын – Мұқағали Әли (Қызылорда обл.), 2 орын – Жандос Рахметұлы (Маңғыстау обл.), 3 орын – Бағылан Стамбаев (Алматы обл.).

Жалпыкомандалық есепте:

1 орын – Қызылорда облысы,

2 орын – Алматы облысы,

3 орын – Жамбыл облысы.

Сонымен қатар, Талғар ауданындағы №2 БЖСМ базасында қазақтың ұлттық жекпе-жегі бойынша да жарыстар өтті. Әр түрлі салмақ дәрежесінде елдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшылары күш сынасты. Қатысушылар тек физикалық дайындықтарын ғана емес, тактикалық шеберліктері мен сабырлығын да көрсетті. Ұлттық жекпе-жектің «Ақ бидай» бағдарламасына енгізілуі – қазақтың дәстүрлі күрес өнерін дамытудың маңыздылығын айғақтайды.

Алматы облысының спортшылары командалық есепте екінші орын алды, тек Түркістан облысының спортшыларынан қалыс қалды. 93 кг салмақта Ерасыл Нұрдын жеңімпаз атанды. 57 кг-да Аян Мұрат күміс жүлде иеленсе, 53 кг салмақта Санат Мұқанбек пен 77 кг-да Нұрлан Тайти қола жүлдеге қол жеткізді.

– Жекпе-жек – бұл тек спорт емес, ол ата-бабамыздан қалған мұра. Мұнда қарсыласты жеңу ғана емес, дәстүрге құрмет, тәртіп пен мінез де сыналады. Бүгінгі дода – нағыз рухтың сынағы болды, – деді жеңімпаз Ерасыл Нұрдын.

Алты күнге созылған жарыстың аралық нәтижесі бойынша көш бастап тұрған – Түркістан облысы. Екінші орында – Алматы облысы, үшінші орында – Жамбыл облысы. Алда спортсүйер қауымды әлі талай тартысты бәсекелер мен жарқын жеңістер күтіп тұр.