Жамбыл тойы
Жамбыл ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мерейтойы дүркіреп өтті. Жыл бойы халықаралық деңгейде өткен ұлы ақының 180 жылдығы осылайша Көкбастау атырабында қорытындыланды.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
«Жамбылдың жыры жаңғырып, ақынның аты ардақталған ұлы тойда түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындардан бәсеке қызу өтті. Тау бөктеріне тігілген ақшаңқан киіз үйлер дала көркін келтірсе, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша Қазақтың салт-дәстүрі мен төл мәдениеті тоғысқан далада Жамбыл ауданның ажары айшықтала түсті.»
Нар тұлғалы алыптар мен қара сөздің қасиетін жоғалтпаған ақын-жыршылардың жерінде өткен дүбірлі тойға президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, мемлекет басшысының құттықтау хатын жолдады. Хатта қос ғасырдың куәсі болған жыр алыбының мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз екендігі айтылды. Артынша атырапқа жиналған ағайынды облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлы құттықтады.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Атақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұратын жырына арқау етті. Жамбыл бабамыздың есімі уақыт өткен сайын халықпен бірге жасай беретін рухани құндылық. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Бірақ елге қызмет еткен, халықтың сөзін сөйлеген тұлғалардың орны әрқашан жоғары.»
Алатаудың бөктерінде өткен ұлы тойдың сәнін қазақ күресі, ләңгі тебу, қол күресі сынды спорттық ойындар ашса. Бабы мен бағы келіскен 150 сәйгүліктің бәйгесі дүбірлі жиынның басты додасы болды. Қазанатты шаңдатқан шабандоздар 3 көлік пен ақшалай сыйлықты сарапқа салды. Бұдан бөлек құмай тазы мен ат әбзелдерінің көрмесі ұйымдастырылып, қазақы салт дәстүр ұлықталды.
ЫҚЫЛАС САҒЫМБАЙҰЛЫ
САЯТШЫ
«Жамбыл атамыздың тойында, ауданымыздағы бар сал-серілікті дамыту, көрсету мақсатында Қазақтың жеті қазынасының осындай тойларда әбден бір тұратын орны бар. Сондықтан көрмеге 10 тазы алып келдік. Таза қанды қазақы тазылар. Арасында неше түрлі типтері бар қасқырға түсетіндері бар, жүйрік тазылар бар.»
«Көкбастау» атшабары аумағында өткен іс-шарадан кейін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына еріктілер, жастар мен мерейтойға жиналған көпшілік қатысты. Нәтижесінде 10 гектардан астам аумақ жиналып, 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.