«Ақ бидай – 2025»: VIII республикалық ауыл спорт ойындары өз мәресіне жетті
Алматы облысында 11–21 қыркүйек аралығында өткен VIII республикалық ауыл спорт ойындары «Ақ бидай – 2025» салтанатты түрде жабылды. Қорытынды шараға қатысушы облыстардың делегациялары, ұйымдастырушылар, төрешілер мен құрметті қонақтар жиналып, он күнге созылған спорт мерекесінің нәтижелері жарияланды.
Республикалық дене шынықтыру және спорт істері комитетінің «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМКК директоры Қайрат Пазылбек өз сөзінде делегацияларға жоғары спорттық рух танытқаны үшін алғыс білдіріп, ойындардың табысты ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Ақ бидай» ауыл спортшыларының жақсы дайындық деңгейін көрсетіп, өңірлерде бұқаралық спортты дамытудың маңызын дәлелдеді.
«Бұл жарыстар – күш пен шеберлікті сынайтын дода ғана емес, ұлттық дәстүрді сақтаудың, өңірлер арасындағы достықты нығайтудың маңызды құралы. Осындай ауқымды шаралар туризмнің дамуына, халық денсаулығының нығаюына және спорттық инфрақұрылымның жетілуіне серпін береді», – деді Қайрат Пазылбек.
Айта кетейік, жарыстарға еліміздің 17 өңірінен 2000-нан астам спортшы қатысып, өз шеберлігін көрсетті. Бағдарламаға 20-дан астам олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері енді. Жарыстар Қонаев қаласында, сондай-ақ Талғар, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында өтті.
Медальдық есеп қорытындысында бірінші орынды Түркістан облысының құрама командасы иеленді. Екінші орынға Алматы облысы тұрақтады. Жерлестеріміз аламан бәйге, топ бәйге, аударыспақ, жамбы ату, көкпар, құсбегілік, теңге ілу, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, армрестлинг және үстел теннисі сияқты спорт түрлерінде жоғары нәтиже көрсетті.
«Біздің командамыз үшін «Ақ бидай» – жылдың ең маңызды оқиғасы. Біз оған бірнеше ай дайындалдық. Жалпыкомандалық екінші орын – спортшылардың мықты командалық рухының, облыс басшылығы мен жанкүйерлердің қолдауының нәтижесі. «Ақ бидайдың» басты ерекшелігі – мұнда ұлттық және заманауи спорт түрлерінің қатар ұсынылуы. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, жастардың ата-баба мәдениетін спорт арқылы тануына жол ашады», – деді Алматы облысы командасының капитаны Жасұлан Қалиақпаров.
Үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының спортшылары еншіледі. Келесі «Ақ бидай» ойындары төрт жылдан кейін Солтүстік Қазақстан облысында өтеді.