Қонаев қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті

Қонаев қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті

Қаладағы Б. Соқпақбаев атындағы саябақта өткен мерекелік іс-шараға мәдениет және өнер саласының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, сондай-ақ облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жиынға қатысушыларға құттықтау сөзін Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев арнады. Ол өз сөзінде мәдениеттің қоғам дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтіп, әрбір мәдени көрініс — халықтың тарихы, тілі мен рухани мұрасының айнасы екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол мәдениет саласы қызметкерлеріне өңірдің мәдени құндылықтарын сақтап, дамыту жолындағы жанқиярлық еңбектері үшін алғысын білдірді.

Бүгінде Алматы облысында 293 мәдениет мекемесі жұмыс істейді, онда екі мыңнан астам маман қызмет етеді. 2025 жылы өңірде 2154 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жастардың қатысу деңгейі 77 пайызды құрады.

Салтанатты бөлім барысында мәдениет саласындағы үздік қызметкерлерге мемлекеттік және салалық марапаттар табыс етілді. Оларға алғыс хаттар, құрмет грамоталары, «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ «Еңбек ардагері» және «Еңбек даңқы» медальдары тапсырылды.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған республикалық шаралар аясында мемлекеттік деңгейде де ерекше марапаттар табысталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында Алматы облысының өкілдері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова — «Парасат» орденімен, ал «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің негізін қалаушы, мәдениет саласының ардагері Газиза Әбдиева — «Құрмет» орденімен марапатталды.

Кәсіби байқау қорытындысы бойынша өңірдегі үздік мәдениет мекемелері анықталды. Жеңімпаздар қатарында:

  • «Үздік кітапхана» номинациясы — Талғар аудандық кітапханасы;

  • «Үздік музей» — Қарасай ауданындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы;

  • «Үздік театр ұжымы» — «Қарадала» театры;

  • «Үздік мәдениет үйі» — Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйі.

Әрбір жеңімпаз мекемеге 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етілді.

Жеке номинациялар бойынша да сала мамандары марапатталды. «Үздік мәдениет үйі қызметкері» аталымында Қонаев қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі – Айнұр Бекбосынова үздік деп танылды. Ол өз сұхбатында ата-анасының мәдениетке арнаған өмір жолын жалғастырып келе жатқанын айтып, әріптестеріне алғыс білдіріп, барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Салтанатты жиынның шарықтау шегі — жаңа JAC S3 Pro автокөлігінің кілтін табыстау болды. Бұл марапат облыстағы ең үздік мәдениет мекемесі ретінде танылған «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне берілді. Қарасай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова бұл марапат ұжымның 2015 жылдан бері елімізде ғана емес, шетелде де өңір өнерін танытып келе жатқан он жылдық еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Жақында ансамбль Қытайда болып, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концертке қатысып қайтқан.

Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен жарқын концерттік бағдарламамен аяқталды. Көрермендерге ұсынылған жанды орындаулар, халық және заманауи әндер шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлап, шараның көркем қорытындысы болды.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні — ұлттық мұраны ұрпаққа жеткізетін, қоғамға рухани азық беретін сала мамандарының еңбегі әрдайым жоғары бағалануға лайық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дереккөз: www.gov.kz