Қазақстан - Efes компаниясының жаңа экспорттық хабы
Алматы облысы - ірі экспорт алаңына айналады. Қарасай ауданында бес жүзге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған ірі зауыт тағы бір жаңа желісін іске қосты.
Жобаға салынған инвестиция көлемі - төрт млн АҚШ доллары шамасында. Жоба еліміздің өндірістік және логистикалық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Ал іске қосылған жаңа желі өндіріс қуатын 25 пайызға арттыруға қауқарлы.
Ашылу салтанатына сауда және интергарция вице-министрі Әсет Нүсіпжан, компанияның бизнес серіктестері сондай ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Бұл компанияның Қазақстандағы ұзақ мерзімді инвестициялық стратегиясындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Өндіріс өз жұмысын 1997 жылы Қарағандыда бастады. 2003 жылы Қарасай ауданында салынған зауыт үш желі бойынша өнім шығарған. Алайда осыған дейін сағатына 25 мың дана сусын даярлайтын. Германиядан жеткізілген жоғары сападағы технология арқылы енді бұл көрсеткіш 50 мың данаға жетіп, жергілікті өндіріс қуатын нығайтып отыр.
ДОРИН ДЭНИЕЛЬ
МЕНЕДЖЕР
«Қазақстан компания үшін айрықша маңызға ие. Серіктестігімізге де біраз уақыт болды. Біз бұл елге тұрақты түрде ірі көлемде инвестиция салып келеміз. Компания құрылғаннан бері бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 345 миллион АҚШ долларын құрайды. Біз сусын өндірісі секторында жұмыс істей отырып, алда да тұтынушыларды жоғары сапалы өніммен қамтамасыз етуді жалғастырамыз.»
ШЫҢҒЫС ҚАСКЕЕВ
КОРПОРАТИВТІК БАЙЛАНЫС ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОР
«Ең бастысы, жуырда компания үшін аса маңызды шешім қабылданды. Қазақстан Орталық Азия өңірі мен Қытай бағытындағы экспортты дамыту үшін негізгі стратегиялық алаң ретінде белгіленді. Бұл біздің экспорттық әлеуетті кезең-кезеңімен арттыруға бағытталған ұзақмерзімді саясаттың бір бөлігі. Аталған өндірістік желі осы бағыттағы нақты қадамның бірі. Біз Қазақстанда өндірілген өнімді сыртқы нарыққа шығару арқылы экспорт көлемін ұлғайтуды көздейміз. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады.»
Жаңа өндірістік желі табиғи ресурстарды үнемдеп, су мен электр энергиясының, көмірқышқыл газының тұтынуын едәуір қысқартады. Бұл экологияға жауапкершілікпен қарайтын заманауи өндірістің нақты көрінісі. Жобаның іске қосылуы өңір экономикасын жандандырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға тың серпін бермек.