Алматы облысы Қытаймен инвестициялық әріптестікті нығайтып жатыр

Алматы облысы Қытаймен инвестициялық әріптестікті нығайтып жатыр

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында қол қойылған екіжақты келісімдердің жүзеге асырылуына байланысты кеңес өткізді. Жиында аймақтардың, соның ішінде инвестициялық әлеуеті жоғары Алматы облысының белсенділігі ерекше аталды.

Кеңес барысында Алматы облысы жалпы сомасы $6 миллиардтан асатын 7 инвестициялық келісімге қол қойғаны хабарланды. Жобалар жасыл энергетиканы дамыту, заманауи логистикалық хабтар құру, агроөнеркәсіптік кооперация мен өндірістік әріптестікті кеңейтуді көздейді.

«Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес, 2029 жылға дейін кемінде $150 миллиард шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда Алматы облысы секілді қарқынды дамып келе жатқан өңірлер экономикалық өсудің басты қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Қол қойылған келісімдер – жергілікті атқарушы органдардың және Қытайлық серіктестермен қалыптасқан сенімді қарым-қатынастың нақты нәтижесі», – деді Премьер-министр.

Жаңа келісімдерге қол қою Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық форумы аясында мүмкін болды. Алматы облысынан бөлек, Астана қаласы, Қызылорда мен Түркістан облыстары да жоғары белсенділік танытты.

Олжас Бектенов өңірлік делегациялардың Қытайға сапарын күшейтуді, жобаларды толық іске асыруды қамтамасыз етуді және әр жоба бойынша нақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, шикізаттық емес және экспортқа бағытталған өндірістерді іске қосу – Қытаймен кооперацияны тереңдетудің негізі болатынын атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстанда Қытай инвестициясымен жалпы құны $66,4 млрд болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олар шамамен 50 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. 2025 жылғы мамырда өткен Си Цзиньпиннің сапары кезінде ғана $24 млрд сомасына 58 коммерциялық келісімге қол қойылған.

Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды орталығына айналып келеді.