Қарадала аймағында өрік ағаштары гүлдеп, табиғат ерекше құлпыра түсті

Өңірімізде өрік өсіру ісі өркендеп келеді. Көктемнің шуақты күндерінде Қарадала аймағында өрік ағаштары гүлдеп, табиғат ерекше құлпыра түсті. Қазіргі таңда ауданда 3100 гектарға жуық өрік бағы бар. Өткен жылы жергілікті шаруалар 20 мың тоннаға жуық өнім жинап, мол табысқа кенелді.Биыл да бұл көрсеткішті арттыруды мақсат еткен бағбандар ішкі нарықты сапалы әрі табиғи жеміспен қамтамасыз етуге ниетті.

Алматы облысындағы Ұйғыр ауданы – бау-бақша өсіруге қолайлы өңірлердің бірі. Мұнда жеміс шаруашылығы жүйелі дамып, алма мен өрік өсіруге басымдық берілген. Шаруалар заманауи агротехнологияларды енгізіп, су үнемдеу тәсілдерін кеңінен қолдануда. Сонымен қатар, өнімді сақтау және өңдеу инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

АРДАҚ ЫРЫСКЕЛДІ
ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Ұйғыр ауданы жалпы өрік өсіруден республика бойынша бірінші орында. Бүгінгі күнде жалпы ауданда 4095 гектар бақ бар, оның ішінде 3100 гектары, яғни 78 пайызы – өрік бақтары. Оның ішінде 2145 гектары өнім береді. Былтырғы жылы орташа өнімділік 91 центнерді құрап, жалпы 19 мың тонна өнім жиналды. Оның 80 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, 20 пайызы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталды»

Ауылдық округтерде де бау-бақша шаруашылығы табысты дамып келеді. Соның бірі – Ават ауылы. Мұнда шағын жер телімдерінің өзі жоғары өнім беріп, жергілікті шаруалардың табысын арттыруға сеп болуда. 

ГОЖАХМЕТ КАДЫРОВ
АВАТ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ 
«Бүгін міне Ұйғыр ауданы Ават ауылының «Шарбақ» шаруа қожалығының өрік алқабында тұрмыз. Бұл жер көп емес, небәрі 1 гектар. Мұнда 500 түп өрік ағашы бар. Өткен жылдары әр гектарынан 30 тоннадан өнім алып жүрген жер. Бүгінде ауыл бойынша 209 гектар абрикос бақтары бар. Нағыз химиясыз, таза экологиялық өнім аламыз деген адам біздің ауылдың өнімін тұтынса болады»

Жалпы алғанда, Ұйғыр ауданында бау-бақша шаруашылығы тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырып отыр. Заманауи технологияларды енгізу мен өңдеу кәсіпорындарының дамуы – бұл саланың болашағын айқындай түсуде.

Сондай-ақ оқыңыз: