Іле ауданында кәсіпкерлер көрмесі өтті

Іле ауданында «Бір ауыл – бір өнім» іс-шарасы ұйымдастырылды. Шараға қатысқан жергілікті кәсіпкерлер өздерінің бірегей өнімдерін ұсынып, ауылдық бизнестің әлеуетін таныстырды. Көрмеде сүт өнімдері, жүн өңдеу, қыш құмыра жасау  сынды сан алуан жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Қолөнер шеберлері дәстүрлі әдістерді заманауи үлгілермен үйлестіріп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім  шығара алатынын көрсетті.

Бүгінде Іле ауданы  қарқынды дамыған  индустриалды өңір. Кәсіпкерлік саласында 7 мыңнан аса адам жұмыс істейді.Көрмеге қатысқан кәсіпкерлердің қатарында Жарқын Байділдәқызы да бар. Ол 8 жылдан бері ұлттық тағамдарды жаңғыртып, құрт, ірімшік, жент, май секілді дәстүрлі сүт өнімдерін көне әдіспен, қантсыз дайындап, табиғи қалпын сақтауға мән береді. Кәсіпкердің айтуынша өнімнің басты ерекшелігі оның табиғилығы мен емдік қасиетінде.

ЖАРҚЫН ТҮМЕНБАЕВА
КӘСІПКЕР
«Жентті қазір көбіне бізде мода болды ғой қантпен жасау, иә, сосын әртүрлі маргарин деген сияқты майларды қосады өте зиян адам денсаулығына. Ондай майлар, мысалы, адам денсаулығында, ағзасында қорытылмайды. Ал мен сол өзім жасаған маймен жасаймын. Мысалы, менің жұбайым 20 жыл диабет болған адам, одан кейін сол диабет болып жүріп жүрек ауруына шалдықты, обширный инфаркт алды. Сол жай ғана қарапайым сары суды ішіп жүріп, құртымызды жеп жүріп жазылып алды, қазір мүлде дәрі ішпейді. Сондықтан бұл дәрі тамақ»

«Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің ерекшелігі ұлттық нақыштағы қолөнер мен дәстүрлі өнімдерге басымдық берілуінде. Өткен жылы мұндай бағытта бір ғана грант бөлінсе, биыл оның саны үш есеге артып, аудан атынан облыстық байқауға қатысатын үш үміткер іріктелмек. Көрмеден кейін аудан кәсіпкерлерінің кеңейтілген жиыны да өткізілді. Жиында кәсіпкерлерді толғандырған өзекті мәселелер, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдетілген төмен пайызды несиелер мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.

МҰХАМЕДҒАРІП ҚҰРМАНҒАЛИЕВ 
ІЛЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Былтырғы жылы «Бір ауыл – бір жоба» аясында біздің ауданымыздан бір орын берілген болатын грантқа 5 миллион грант. Сол грантқа біздің ауданымыздың белгілі кәсіпкері қатысып, облыс деңгейінде өтіп, республика деңгейінде грант алды. Биылғы жылы осы үрдісті дамыту бойынша, осы жоба аясын кеңейтіп жатыр. Ары қарай облыстық деңгейде конкурс өтіп, жаңағы 10 ең жақсы кәсіпкер республикалық конкурсқа ұсынылатын болады»

Кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Ауыл аманаты» және «Кең дала» бағдарламалары тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, кәсіп бастаймын деген азаматтарға 1,5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз: