Медициналық форум

Қонаев қаласында денсаулық сақтау саласының инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған халықаралық форумы өтті. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды шараға отандық және шетелдік инвесторлар, фармацевтика алпауыттары мен салалық сарапшылар жиналды. Биылғы басқосудың нәтижесі де ауқымды, денсаулық сақтау саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында 7 ірі компаниямен маңызды меморандумдарға қол қойылды. Толығырақ келесі сюжетте.


Шетелдік және отандық бизнес өкілдерінің бұл форумға деген қызығушылығы өте жоғары. Жиын аясында медицина саласына инвестиция тарту, фармацевтика өндірісін қолдау мен жаңа серіктестік байланыстар орнату мәселелері кеңінен талқыланды. Инвесторлар, аймақта заманауи емхана салуға ниетті.


ДАЙ УЕНЬ
ИНВЕСТОР (ҚЫТАЙ)
Бұл форумға Шанхайдан арнайы келдік. Мақсатымыз Қазақстанда заманауи клиника ашу. Қазір Қытайда медициналық технология қарқынды дамыған, озық тәжірибені осында енгізгіміз келеді.

Жалпы жыл басынан бері аймаққа 230 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Бүгінде үш үлкен фармацевтикалық зауыт пен екі клиниканың құрылысы басталды. Ал бұл жолғы форум аясында Қонаев қаласында 78 миллиард теңгеге 650 төсек-орындық көпсалалы аурухана салуға меморандум жасалды. Сондай-ақ, Алатау қаласында 200 төсектік аурухана, Қарасай ауданында 7 миллиард теңгеден астам қаражатқа жаңа емхана бой көтермек. 

ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Негізінде ең басты мақсат өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осындай инвестицияларды Алатау қаласына алып келу тапсырма аясында біз енді облыс әкімдігінің қолдауымен осы форумды өткізіп жатырмыз. Бұл форумның ең басты нәтижесі Алматы облысында инфрақұрылымдық құрылымды, денсаулық сақтау жағынан құрылымның бәрін жаңғыртып және жақсарту.

Форумға Германия, Израиль, Франция, Австрия, Ресей, Түркия және Қытай елдерінен инвесторлардың келуі өңірдің халықаралық деңгейдегі жоғары тартымдылығын көрсетеді. Осындай инновациялық жобалар мен сыртқы капиталды жұмылдыру арқылы Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесі толықтай жаңа сапалық кезеңге көтерілмек. 

Сондай-ақ оқыңыз: