«Көк Теңіз» ЖШС өндіріс қуатын арттыруда

Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Шолаққарғалы ауылдық округінде орналасқан «Көк Теңіз» ЖШС–өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы маңызды кәсіпорындардың бірі. 2005 жылы құрылған зауыт бүгінде 1 гектар аумақта орналасып, 60-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпорынның негізгі бағыты – крахмал өнімдерін шығару. Мұнда крахмал кеспесі, крахмал, глютен, жүгері өзегі мен жүгері кебегі өндіріледі. Өткен жылы зауыт 12 мың тонна жүгеріні өңдеуден өткізсе, биылғы мақсат-өндіріс көлемін 15 мың тоннаға жеткізу.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда 15 мың тонна жүгеріден шамамен 8 мың тонна крахмал алынады. Оның жартысы кәсіпорынның өз қажеттіліктеріне, атап айтқанда крахмал кеспесін өндіруге жұмсалса, қалғаны ішкі нарық пен шетелге жеткізіледі.

Мамандардың пікірінше, мұндай өндірістің дамуы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорт әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді. «Көк Теңіз» серіктестігі алдағы уақытта да өндіріс аясын кеңейтіп, аймақ экономикасына серпін беруді көздеп отыр.