«Берекелі күз»: Алматы облысында алма мен жүзім терімі басталды

«Берекелі күз»: Алматы облысында алма мен жүзім терімі басталды

Алматы облысында күзгі егін науқаны қарқын алды. Бақтарда аңызға айналған апорт алмасы мен әлемдік деңгейдегі жүзім сорттары пісіп, диқандарға мол өнім беруде.

Апорт – Алматының символы

Ғасырлар бойы Алматының брендіне айналған апорт биыл да жақсы өнім берді. Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылында шаруа Ілияс Махмудов 12 жыл бұрын еккен апорт бағының аумағы 1,5 гектарға жетеді. Биыл ол бақтан 15 тонна алма жиналды.

«Жемістерді түгел қолмен тереміз. Ешқандай химиялық қоспасыз, тек органикалық тыңайтқыш қолданамыз. Дұрыс сақталса, апортты жаңа жылға дейін жеуге болады», – дейді қожалық иесі.

Бұл баққа туристер де жиі келеді. Агротуризм аясында қонақтарға алма теру әдісі мен бақ күтімі көрсетіледі. «Биыл апортты толық жинап болдық. Енді «Американка», «Золотой превосходный» сорттарын және қара өрікті теру басталады. Жалпы бақтың аумағы – 7 гектар. Биылғы маусымда апорт теруге 700-ге жуық турист келді», – дейді Ілияс Махмудов.

Жүзім алқаптарының қайта жаңғыруы

Облыста тек алма ғана емес, жүзім шаруашылығы да өркендеп келеді. Алатаудың етегіндегі жүзімдіктерде «Пино-нуар», «Рислинг», «Ркацители», «Каберне-фран» сияқты таңдаулы сорттар өсірілуде. Қаракемер ауылдық аймағында бұрын бос қалған 70 гектар алқап қайта жаңғыртылып, биыл 200 тоннаға жуық жүзім жиналды.

«Бұл – біздің үш жүзімдігіміздің бірі. Жергілікті климаттың ерекшелігі зиянкестердің таралуына жол бермейді. Мол өнім алу үшін уақытылы суарып, қырқу жұмыстарын жүргізу маңызды», – дейді серіктестік директоры Ғалымжан Сұлтан.

Агротуризмнің дамуы

Бүгінде аймақтағы бағбандар ауыл шаруашылығымен қатар агротуризмді де дамытып отыр. Қонақтар бақтар мен жүзімдіктерді аралап, жеміс теруге қатысады, өсіру тәсілдерін үйренеді. Алатаудың етегінде өсетін апорт пен элиталық жүзім – табиғат пен еңбектің үйлесімін паш етіп, еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығарып келеді.