Алматы облысы — инвестиция үшін ең қолайлы өңірлердің бірі
Алматы облысы соңғы жылдары инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай артуымен ерекшеленіп отыр. Бұл туралы өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев өңірдің даму қорытындыларына арналған брифингте мәлімдеді.
Ресми деректерге сүйенсек, облысқа тартылған инвестиция көлемі жыл сайын тұрақты өсім көрсетуде. 2022 жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялар мөлшері 613,9 млрд теңгені құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 17,7 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылға жоспарланған көлем – 1 трлн 352 млрд теңге.
Әкімнің айтуынша, өңірге отандық және халықаралық деңгейдегі ірі компаниялардың келуі — инвесторлардың Алматы облысына деген сенімінің нақты көрсеткіші.
«Бүгінде еліміздегі ең ірі жобалар дәл осы өңірде іске асуда. Бұл — инвест климаттың дұрыс жолға қойылғанының айғағы. Біз үшін басты мақсат — бизнестің ашық, түсінікті және тиімді ортада жұмыс істеуіне жағдай жасау. Инвестор келсе, жаңа жұмыс орындары ашылады, ал бұл — өңір экономикасының тұрақты өсімі», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңірде іске асатын ірі жобалар
Қазіргі таңда Алматы облысында құны жоғары 35-тен астам ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында:
- логистикалық хабтар мен қойма кешендері,
- өңдеу өндірісі нысандары,
- агроөнеркәсіптік кешендер,
- өңірлік сауда-логистикалық орталықтар бар.
2025 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған маңызды нысандардың қатарында:
- Kusto Logistics,
- MP Solution,
- Евразиялық логистикалық парк сияқты инфрақұрылымдық жобалар бар.
Бұл нысандар өңірдің көлік-логистика әлеуетін күшейтіп, жаңа инвесторлар үшін тиімді жағдай қалыптастырады.
13 индустриалды аймақ: толық инфрақұрылым — инвесторға дайын алаң
Инвесторларды қабылдауға арналған 13 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде «Қайрат» индустриалды аймағы толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жаңа өндіріс орындарын орналастыруға толықтай дайын.
ШОБ өсімі — экономиканың тірегі
Шағын және орта бизнес те тұрақты дамуда. Қазіргі таңда өңірде 156 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл соңғы жылдары тіркелген тұрақты өсімнің нәтижесі.