SAQTAN: Алматы облысында жастар арасындағы нашақорлық, суицид және құмар ойындардың алдын алуға бағытталған жоба іске қосылды

Жоба жастардың тәуекел тобына өтуінің алдын алуға және оларды қолдауға бағытталған
Алматы облысында жастар арасында нашақорлық, суицид, құмар ойындарға және вейпингке қарсы алдын алу шараларын қамтитын «SAQTAN» әлеуметтік жобасы басталды. Инициатива мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылуда және Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен іске асуда. Жобаның операторы – «PARYZ еріктілері» жастар ұйымы, деп хабарлайды Mandat.kz.
— Бүгінде облыста 430 мыңнан астам жас өмір сүруде. Бұл – аймақ халқының 28 пайызы. Әрбір төртінші тұрғын – 14 пен 35 жас аралығындағы азамат. Бұл – үлкен әлеует, бірақ сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Өкінішке қарай, жастардың бір бөлігі тәуекел аймағында тұр. Сондықтан біз «SAQTAN» жобасын уақытылы және жүйелі шешім ретінде іске қосып отырмыз, — деді жобаның жетекшісі, «PARYZ еріктілері» ұйымының басшысы Әділет Айтказы.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өңірдегі жастардың 6,4 пайызы NEET санатына жатады — олар оқымайды, жұмыс істемейді және қоғамдық өмірге қатыспайды. Бұл – 26 мыңнан астам адам. 2024 жылы облыста 21 жас суицидке барып, тағы 32 адам суицид әрекетіне талпынған. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жастар 2184 қылмыс жасаған, оның 485-і ауыр және аса ауыр қылмыстар.
«SAQTAN» жобасы алты негізгі бағыттан тұрады, олардың әрқайсысы нақты мақсатты топқа бағытталған. Алғашқы кезең – спорттық спартакиадалар. 9 аудан мен 2 қалада колледждер мен жоғары оқу орындарының 1200-ден астам студенті қатысатын 15 іс-шара өткізу жоспарланған.
— Жоба бағыттарының әрқайсысы нақты проблемаларды шешуге бағытталған. Біз тек ақпарат беріп қоймай, жастарға нақты таңдау құралдарын ұсынамыз. Алдын ала есеп бойынша, жоба тікелей 2 000 адамды, ал жанама түрде 50 000-ға дейін адамды қамтиды, — деп атап өтті Алматы облысы жастар саясаты басқармасының бас маманы Мәдина Есентемірова.
Спорттық жарыстардан бөлек, жоба аясында психологтар, наркологтар және полиция қызметкерлерінің қатысуымен семинарлар, көшедегі жарнамаларды жою бойынша антинаркотикалық акциялар, әлеуметтік желілерге арналған 6 бейнеролик, түнгі рейдтер және қорытынды дөңгелек үстел өткізіледі.
— Қалған кезеңдер жастармен және ата-аналармен кездесулерді, өзекті тақырыптарға арналған бейнероликтер түсіруді, ойын-сауық орындарындағы бірлескен рейдтерді және серіктестермен нәтиже талқылауды қамтиды. Барлық іс-шаралар ашық форматта өтеді, ал басты мақсат – репрессия емес, алдын алу, — деді Әділет Айтказы.
Ұйымдастырушылар жоба әр аймақтың ерекшелігіне қарай бейімделетінін атап өтті. Бір ауданда суицид көрсеткіші жоғары болса, екіншісінде психобелсенді заттарға қолжетімділік мәселесі өзекті. Ауылдық елді мекендерде ақпараттың жетіспеушілігі мен психологиялық қолдаудың болмауы басты мәселе болып тұр.
Жоба үш ай бойы жүзеге асырылады. Жастар мен азаматтық сектор өкілдері белсенді қатысады. Қорытындысы ашық форматта шығарылып, қоғам назарына ұсынылады.