Қонаевта еліміздегі ең ірі академиялық кампустың құрылысы талқыланды

Қонаевта еліміздегі ең ірі академиялық кампустың құрылысы талқыланды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Qonayev Academic Campus» қоры мен Қытайдың Qingdao Shangheshi Oil Energy Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл компания – Қонаев қаласында бой көтеретін «Жаңа Іле – Қонаев академиялық кампусы» жобасының негізгі инвесторы.

Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр және ұлттық деңгейде стратегиялық маңызға ие. Кампус Қонаев қаласының бас жоспарына енгізілген 100 гектар аумақта салынады. Онда жыл сайын 30 мың студент білім ала алады.

Кампус аясында заманауи оқу ғимараттары, зертханалар, жатақханалар, қонақ үйлер мен технопарктер салу жоспарланып отыр. Кездесу барысында облыс әкімі: «Елімізде студенттер саны 2030 жылға дейін 700 мыңнан 1 миллионға дейін артады. Сондықтан бұл – болашаққа салынған инвестиция, адам капиталына құйылған қаржы», – деп атап өтті.

Жоба бойынша егжей-тегжейлі таныстырылымды «Qonayev Academic Campus» қорының төрағасы Жанат Рахмани мен қытайлық компанияның негізін қалаушы Чжан Цзяньцзюнь жасады. Олар құрылыс мерзімдері, кезеңдері және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері жөнінде баяндады.

Марат Сұлтанғазиев жобаға әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетілетінін айтып, барлық кезеңде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Тараптар 2025 жылы іске асырылатын негізгі мәселелерді талқылап, ортақ табысқа сенім білдірді.

«Жаңа Іле – Қонаев академиялық кампусы» жобасы еліміз үшін жаңа білім және ғылым орталығына айналып, инновациялар мен кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.