Ұзынағаш ауылында 250 орындық жаңа емхана салынып жатыр

Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында заманауи емхана құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соңғы жылдары ауданда халық саны артып, медициналық қызметке сұраныс көбейген. Сонымен қатар білікті дәрігер мамандардың тапшылығы байқалады. Осыған байланысты жаңа емхана салу қажеттігі туындаған еді.

Жобаның жалпы құны – 5 миллиард теңгеден асады. Құрылыс былтыр басталған. Қазіргі уақытта нысанның 80 пайызы аяқталған, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Жасұлан Омаров, құрылыс жобасының жетекшісі:
«Инфрақұрылым толық жүргізілді. Инженерлік желілер тартылып, қосуға дайын тұр.»

Жаңа емханада күніне 250 адамға дейін медициналық қызмет көрсетіледі. Мұнда алғашқы медициналық көмекпен қатар, дәрігерлік кеңес беріледі. Сондай-ақ заманауи медициналық құрылғылар – маммография, компьютерлік томография сынды қондырғылар орнатылады.

Ержан Сүлейменов, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Бұл емханада кадр мәселесі толық шешілген. Қыркүйекте ашылған соң Жамбыл ауданы халқын толық қамтуға дайынбыз.»

Жаңа емхананың ашылуы аудандағы медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына да ықпал етеді. Биыл оқуын аяқтаған жас мамандар осы жерден тұрақты жұмыс табады.

Құрылыс жұмыстары күзде толық аяқталып, нысан қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.