Қайнар ауылдық округінде 50 көше абаттандырылуда

Талғар ауданына қарасты Қайнар ауылдық округінде ауқымды жол жөндеу және көше абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Көктал ауылындағы 9 көше мен Еркін елді мекеніндегі 6 көшеге асфальт төселуде.

Аталған жоба өткен жылы басталып, сол кезеңде көшелерге қиыршық тас төселген болатын. Енді жобаның келесі кезеңінде асфальт жабындысы төселіп, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым жасалуда.

Көктал ауылының тұрғыны Нұрлан Серікбаевтың айтуынша, 2011 жылы бұл маңда жол мүлде болмаған. “Көлікті алысырақ жерге қалдырып, батпақтан өту үшін аяққа пакет киіп баратын едік. Қазір көшелерге жарық орнатылып, асфальт төселіп жатыр”, – дейді ол.

Жобаның аясында төселетін асфальт жолдың жалпы ұзындығы – 11 шақырым. Мердігер компаниямен жасалған келісімшартқа сәйкес, барлық жұмыстар 30 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаев:

“Ақша төленбей тұрып, жол сапасы міндетті түрде тексеріледі. Тығыздығы мен қалыңдығы талапқа сай болуын мұқият қадағалап отырмыз”, – деп атап өтті.

Айта кетейік, Қайнар ауылдық округінің құрамына 9 елді мекен кіреді. Ресми мәліметтерге сәйкес, мұнда 40 мыңға жуық халық тұрады. Сондықтан жол сапасы – тұрғындар үшін ең маңызды мәселелердің бірі.

Жоспар бойынша, жыл соңына дейін 30 көшеге асфальт төселсе, тағы 20 көшеге қиыршық тас төсеу көзделіп отыр. Сонымен қатар, алдағы үш жылда 150 ішкі көше кезең-кезеңімен жөнделетін болады.