Мыңбаев ауылындағы кәсіпкер ауыл тұрғындарын жаңа өніммен қамтып отыр

Мыңбаев ауылындағы кәсіпкер ауыл тұрғындарын жаңа өніммен қамтып отыр

Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаев ауылында тұратын кәсіпкер Болат Тоқбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жылыжай шаруашылығын дамытып отыр. Бүгінде ол өз кәсібі арқылы ауыл тұрғындарын жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп, табысты кәсіпкерге айналды.

Болат Тоқбаев партиясы «AMANAT» бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 6,2 миллион теңге көлемінде несие алып, 1,5 сотық жерге жылыжай салған. Онда қызанақ, шалғам, қарбыз, жүзім секілді өнімдер өсіріледі. Жылыжай заманауи тамшылатып суару жүйесімен, су жылыту және желдеткіш құрылғылармен жабдықталған. Негізгі екпін қызанақ өсіруге қойылған. Бір маусымда 1,5–1,8 тоннаға дейін өнім жиналады. Маусым айында жылыжайдан күніне 40–50 келіге дейін көкөніс алынып, ауыл дүкендеріне және көтерме сатып алушыларға жеткізіледі.

– Өткен күзде жылыжайға қызғалдақ тұқымын ектім. Жергілікті және голландиялық сорттарды араластырып отырғыздым. Қыста жылыжай ішіндегі температураны 10–12 градустан төмен түсірмей ұстадым. Соның арқасында көктемгі мерекелерге орай 13 мың гүл жинап, түгел сатылымға шығардым. Сұраныс жоғары болды – мектептер, балабақшалар мен мәдениет үйлерінен тапсырыстар түсті. Кей күндері мыңға дейін қызғалдақ сатылды. Келесі жылы өнім көлемін екі есе көбейтіп, аудан орталығының нарығына шығуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде ол өз ауылындағы тұрғындардың жаңа піскен көкөніске деген сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Алматы облысында соңғы екі жылда жалпы 11 миллиард теңгеге 1 360 адамға жеңілдетілген несие берілген. Тек өткен жылы 250 жоба қаржыландырылып, тағы 31 кәсіпкерге қосымша қолдау көрсетілген.