Алматы облысында 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады
Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, өңірде тіркелген жұмыссыздар саны азайып келеді. Жұмыс орындары Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы мен инвестициялық жобалар аясында ашылады. Қазіргі таңда инвестициялық навигаторда жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 73 жоба тіркелген. Осы жобалар аясында 21 мың жұмыс орнын ашу көзделуде.
Соның ішінде, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2 820 тұрақты жұмыс орны құрылады. Ал шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы аясында 450-ден астам жұмыс орны ашылады.
«Маңыздысы — абсолюттік көрсеткіштер ғана емес, жалпы жұмыс күшіндегі жұмыссыздық үлесін де есепке алу. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға дейін төмендеді», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, ол жұмыс нарығына қажет дағдыларға басымдық берілетінін айтты. Кәсіби оқыту нәтижесінде 800-ден астам жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналасады. Негізінен олар кәсіпорын жанындағы тәжірибе арқылы оқытылады. Сонымен қатар онлайн-оқытудан 5 200 адам өтіп, жаңа құзыреттерге ие болды.
Еңбек саласында тиімділікті арттыру үшін цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, студенттерге өндірістік тәжірибе орындарын таңдауға, ал жұмыс берушілерге кандидаттарды автоматты іріктеуге арналған «Өндірістік тәжірибе» сервисі сәтті жұмыс істеп тұр. «Мансап компасы» мен «Enbek.kz» платформалары да белсенді қолданылуда.
🔗 Дереккөз: @KZgovernment