Құрылысшы - ел дамуының тірегі
Құрылыс - елдің өркендеуі мен заманауи инфрақұрылымның негізі. Бұл салада аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі зор. Құрылысшылар күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сала мамандарын қабылдап, олардың еңбегіне жоғары баға берді. Жылдар бойы талай нысанды халық игілігіне тапсырған білікті құрылысшылар құрмет грамоталарыменжәне медальдармен марапатталды. Бұл - бір күндік қошемет емес, жылдар бойғы табанды еңбектің әділ бағалануы.
«Құрылысшы мамандығы – ежелден адамзат өркениетінің дамуымен тығыз байланысты, аса жауапты және маңызы жоғары кәсіп. Сіздер өңіріміздің өркендеуі жолында адал еңбек етіп, ел игілігі үшін маңызды нысандар тұрғызып келесіздер. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге алғыс білдіремін», - деді облыс әкімі.
Осындай мамандардың бірі – Ізтілеу Тойшыбаев. Алматыдағы құрылыс-техникумда ПГС мамандығы бойынша білім алып, 22 жыл бойы құрылыс саласында еңбек етіп келеді. Қонаев қаласындағы көптеген нысандардың бой көтеруіне үлес қосқан тәжірибелі маман кәсіби шеберлігімен қатар, әріптестері арасында ашық мінезімен де ерекшеленеді.
«Қонаев қаласында көптеген құрылыс жұмыстарына қатыстым. Қазір марапатталып жатқаныма қуаныштымын. Бұл - адал еңбектің нәтижесі. Қала көркейе берсін,»-дейді ол.
Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Алматы облысында 622 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл-жылдық жоспардың 64,8 пайызы. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 7,9 миллион шаршы метрге жетіп отыр. Алматы облысы құрылысты қарқынды жүргізіп жатқан өңірлердің алғашқы үштігінде.
Бұл жетістік - құрылыс саласындағы білікті мамандардың маңдай тері мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қанша уақыт өтсе де, олардың еңбегі ел игілігіне қызмет етпек.