Қонаевта заңсыз сауда орнының орнында жаңа сквер салынады

Қонаевта заңсыз сауда орнының орнында жаңа сквер салынады
Фото: Қонаев қаласының баспасөз қызметі

Қонаев қаласындағы Абай көшесі ұзақ жылдар бойы бейберекет сауданың орнына айналып келген еді. Лотоктар мен дүңгіршектер жаяу жүргіншілер мен көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп, санитарлық жағдайды нашарлатты. Саудагерлер тарапынан ережебұзушылықтар жиі тіркеліп, айыппұлдар салынғанымен, мәселе шешілмей келген.

Бұл түйткіл қала әкімі Асхат Бердіхановтың, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары мен инвестордың келіссөздерінен кейін шешімін тапты.

– Инвестор өз қаражатына сквер салып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қала тұрғындары үшін тағы бір демалыс және серуен аймағы пайда болады. Мұнда спорт және балалар алаңдары, шағын сәулет нысандары орнатылады. Бұл – жайлы қалалық орта қалыптастыру жолындағы жұмысымыздың бір қадамы, – деді Асхат Бердіханов тұрғындармен кездесуде.

Болашақта инвестор тағы екі жобаны жүзеге асыруы мүмкін – Комсомольская көшесі маңында және теміржол вокзалы ауданында сквер салу. Қазіргі уақытта бұл бастама қаралу кезеңінде.

Тұрғындармен кездесуде көше жарығы, кәріз жүйелерін жүргізу және балалар алаңдарының сапасы сияқты басқа да мәселелер көтерілді. Әкім барлық сұрақтардың кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.