Білім көкжиегі
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланыс білім саласында да нығайып келеді. Алматы облысындағы «ALTYN ADAM» инновациялық мектебі Чолла-Намдо провинциясы мен Кванджу қаласының Педагогикалық институтымен меморандумға қол қойды. Енді қос тарап бірлескен жобаларды қолға алып, оқытудың заманауи әдістерімен тәжірибе бөліспек.
Күмбірлеген домбыра үні мен қазақи қонақжайлылық. Алматы облысына ат басын бұрған оңтүстіккореялық делегацияны мектеп ұжымы қошаметпен қарсы алды. Шетелдік қонақтар ең алдымен мектептің IT-сыныптары мен заманауи STEAM-зертханаларын аралап көрді. Сапардың мақсаты екіжақты әріптестікті арттыру. Нәтижесінде Чолла-Намдо провинциясы мен Кванджу қаласының Оқушыларға білім беру институты және «ALTYN ADAM» мектебі өзара келісімге келді. Осылайша, тараптар озық тәжірибелерін ортаға салмақ.
ЛИ ЁН ШИН
ЧОЛЛА-НАМДО ПРОВИНЦИЯСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ
Біздің сапарымыз бен меморандумға қол қоюдағы негізгі мақсатымыз «Алтын Адам» инновациялық мектебімен тәжірибе алмасу. Өзімізде бар заманауи білім беру процестерін осы мектепке де енгізгіміз келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні зерттеп, дамыту бойынша жаңа әдістемелерді енгізу жобаларын қарастыруға дайынбыз.
Бүгінде Оңтүстік Корея білім мен IT саласында әлемдік көшбасшының бірі. Сондықтан бұл келісім жергілікті оқушылар мен ұстаздар үшін үлкен мүмкіндік. Енді олар халықаралық бағдарламаларға қатысып, жасанды интеллект бағытындағы білімін жетілдіре алады.
БОТАКӨЗ ШӘРІБЕК
«ALTYN ADAM» ИННОВАЦИЯЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Біздің мектеп инновациялық мектеп болғандықтан, біз әрине, IT, STEAM-лабораториялар жағын, математика, физика, химия бағытында оқушыларды тереңдетіп оқытуды қолға алғанбыз. Дегенмен де, біздің мектепте облыс көлемінде гуманитарлық бағыт жағынан да қарқынды дамып келе жатыр. Ол айта кетсек, жыл сайын өтетін Тұманбай оқулары. Және Алтын Адам олимпиадасы. Сондықтан да біз Корей елінің білім басқармасымен гуманитарлық бағыт бойынша да, IT бағыты бойынша да, келісімшартқа отырғалы отырмыз.
Қос елдің білім ошақтары арасындағы бұл байланыс ұзақ мерзімді болмақ. Бұл серіктестік заманауи технология тілін меңгерген, бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге септігін тигізбек.